ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің халықпен онлайн форматта есеп беру кездесуі өтті
Сала басшысы министрлікте атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып, ағымдағы жобалардың іске асырылу барысымен таныстырды және алдағы жоспарларымен бөлісті.
А.Балаева Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасы туралы айтып берді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – саяси саналуандық, тиімді Жергілікті өзін-өзі басқару үшін жағдай жасау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін және азаматтық бақылау тетіктерін нығайту.
Министр үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің сенімді әріптесіне айналғанын, олардың жұмысының арқасында Қазақстанда азаматтық қоғам табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
«2016 жылдан бері гранттық қаржыландыру 9 есеге артты (208 млн-нан 1,9 млрд теңгеге дейін). Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ағымдағы жылы мемлекеттік органдар жалпы (шоғырландырылған) 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», – деді министр.
Сонымен бірге А.Балаева коронавирус пандемиясымен күресте және өткір әлеуметтік мәселелерді шешуде еріктілердің рөлі ерекше екеніне тоқталып, үздік еріктілер «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен марапатталатынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жыл елімізде «Еріктілер жылы» болып жарияланған. Бұл ұйымдар коронавирус індетімен күрес кезінде халыққа көмек көрсетудің маңызды тетігіне айналды.
Министр сондай-ақ 2020-2022 жылдарға арналған ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары отандық БАҚ-тарды дамытуға үлкен серпін беретіндігін, осы бағдарламалық құжат аясында басылымдар мен арналарды қолдау тәсілдері өзгертіліп, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жүйесі қайта қаралатынын, салалық журналистиканың қарқынды дамуына негіз қаланатынын атап өтті.
А.Балаева жуық арада ел халқының 90,9% сандық телекөрсетіліммен қамтылатынын, ал карантиннен кейінгі кезеңде БАҚ-ты қолдау мақсатында коммерциялық теле-, радиоарналар жарты жылға аналогтық және эфирлік цифрлық телерадио хабарларын тарату қызметіне ақы төлеуден босатылғанын айтты.
Есептік кездесуде министр этносаралық қатынастар, жастарды қолдау шаралары, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері төңірегіндегі тақырыптарды қозғады.
Сөз соңында А.Балаева бүгінгі күні өзі басқаратын ведомство алдында АҚДМ құзыретіне кіретін түрлі салалардағы тұтас кешенді міндеттер тұрғанын айтты. Өз сөзінде негізгі міндеттерге тоқталып, басты бағытты айқындап айтқан сала басшысы халықты алға қойылған мақсаттарды сәтті шешуге мүмкіндік беретін нақты шаралармен де таныстырды.
Баяндамадан кейін министр халық пен журналистік қауымдастықтың бірқатар сұрақтарына жауап берді. БАҚ қызметкерлерінен әсіресе мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар мен гранттардың әділ бөлінуіне қатысты сұрақтар көп болды. Министр атап өткендей Үкімет конкурстардың барынша ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекет қаражатын неғұрлым тиімді қолдану тетіктерін арттыру бойынша бірқатар шара қабылдаған.