Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының отырысы 25 тамызда өтетін болды
Еске салайық, осыған дейін бюро отырысы 24 тамызда өтеді деп жоспарланған болатын. Ал енді біздің ел үшін жаңа ұғым праймеризге тоқталсақ. Бұл – қарапайым сөзбен айтқанда партияға жаңа тұлғаларды іріктеу. Сарапшылар «саяси реформаның жарқын бір қадамы» деп баға берген жаңа тәсіл елімізде не себепті қолға алынып отыр? Праймериздің пайдасы қандай?
Праймериз тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өтпек. Партия атынан мәселелерді шешетін белсенді, сенімді мүшелерді анықтаудың жаңа тәсілін енгізу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Осылайша халықаралық тәжірибеде мойындалған партияішілік іріктеу әдісін Nur Otan партиясы қолданысқа енгізуде. Оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев апта басында праймериздің басталуына байланысты үндеу жариялады. Мақсат – мемлекеттік басқарудың кейбір салаларындағы олқылықтарды жою.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді. Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін. Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты. Оны көбіне орынды сын деп есептеймін. Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс. Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмытпауымыз керек.
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдап, праймеризді сапалы өткізудің маңызын атап өтті. Өз кезегінде Бауыржан Байбек саяси науқанға дайындық жұмыстарын баяндады. Жалпы кандидаттар самарқау емес, аса белсенді болуы қажет. Бүтін бір елді өркендету жайлы идеяларын ашық айту міндет. Бауыржан Байбек Nur Otan жақтастарының лигасымен кездесті. Басқосуға саясаттанушы, сарапшысы бар, қоғам қайраткерлері және тәуелсіз бірлестіктердің 50-ден астам өкілі қатысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қайта жандандыру» бағдарламасы туралы айтылды. Лига өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасы «Диалог. Сенім. Болашаққа нық қадам» атты бағдарламаны ұсынды. Праймеризді не үшін өткізіп жатырмыз? Ең бастысы – дарынды, білімді, патриоттық сезімі жоғары азаматтарды әкелу. Халық үшін, мемлекет үшін, қоғам үшін ішкі партиялық іріктеу – жаңа бастама, үлкен реформа.
Жалпы праймериз – партия белсенділерін ашық таңдау жолы. Праймериз арқылы партия пәтуалы іс тындыратын, жұмысына адал әрі пысық, нағыз іскер тұлғалар іріктеуі тиіс. Праймериз – қоғам арасында ашық ой айтып жүрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға, жастарға берілген шынайы мүмкіндік. Яғни жаңа көзқарастағы тұлғаларды қатарға қосу деген сөз. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров іріктеу процесіне жер-жердегі әкімдіктерді араласпауға шақырды.
Ерлан Сайыров, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Еліміз жол айрығында тұр. Біз демократияға, әділеттікке және теңдікке деген терең сұраныс туындаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси реформалардың әлеуметтік, трасформациялардың қажеттілігі – бүгінгі тұрмыстың басты аспектісі. Өйткені елді сақтау мен жетістіктерді арттырудың басқа баламасы жоқ. Сондықтан ең бірінші жергілікті жердегі әкімдер жұмыс стилін өзгертуі керек.
Бүгінде осымен бес күн праймеризге қатысуға өтініш қабылдау жүріп жатыр. Елбасы үндеуінен кейін жер-жерде 5760 адам өтініш тапсырған. Олардың екі мыңға жуығы әйел адамдар, 1400-дейі 35-ке толмаған жастар қауымы екен. Бастауыш партия ұйымдарынан екі мыңнан астам адам өтініш берсе, 3699 кандидат өзін-өзі ұсынған.
Жамиля Эрназарова:
- Праймеризге қатысудағы мақсатым – Павлодардағы кәмелетке толмаған бірнеше бала асырап отырған көпбалалы отбасыларды қолдау. Өңірде жас ұрпақтың қолайлы ортада өсіп-өніп жетілуіне жағдай жасау жолдарын да ұсынғым келеді.
Ерлан Ахмеди:
- Праймериз біріншіден, еліміздің демократиясы үшін өте маңызды қадам, тарихи сәт деп айтуға болады. Екіншіден, праймериз – өте үлкен мүмкіндік. Әсіресе жастар үшін. Үшіншіден, ол – үміт.
Раушан Тұранова, «Жас қанаттар» ҚБ жетекшісі:
- Көкшетау қаласында, жалпы Қазақстан бойынша оңалту орталықтары өте аз немесе сапасы нашар деп айтуға болады. Өйткені қажет аппаратуралар, мамандар жеткіліксіз. Сондықтан осы проблемаларға негізделе отырып, өзімнің бағдарламамды құрдым.
Еліміздегі алғашқы праймериз Елбасының қаулысымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында жүзеге асады. Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерге тек өз аймақтарының жерлестері ғана дауыс бере алады. Қоғамдық дебат 14-30 қыркүйек аралығында өтеді. Елбасының тапсырмасымен онлайн форматта дауыс беру платформасы құрылды. «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн үлгіде халықпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік те беріледі. Қазанның 1-і мен 3-і аралығында электронды дауыс беру өтеді. Интернеті жоқ елді мекендерде қағаз бюллетеньдер беріледі. Кандидаттардың рейтингісімен праймериз қорытындысы 5 қазан белгілі болады.
Авторы: Индира Жылқайдарова