Хабар телеарнасы

Елімізде стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылады

Елімізде стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылады. Ол тікелей Президентке бағынатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысында мәлімдеді. Агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесін реттейтін негізгі органға айналуы тиіс. «Түзілген реформаларды бүкіл мемлекеттік органдар міндетті түрде орындауы тиіс», – деді Қасым Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар реформалар жөніндегі Жоғарғы Президент кеңесі құрылатын болады. Оның құрамына статистика комитеті кіреді.

Бұдан бөлек, пандемия және қызметкерлердің үйден жұмыс істеу режиміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқартуға болатынын көрсетті. «2021 жылға дейін мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы компания қызметкерлерінің саны 25% азаяды», – деді Мемлекет басшысы.

Cондай-ақ Жолдауда жемқорлықпен күресті барынша күшейтуге, медицина, білім беру саласын оңтайландыру және отандық бизнесті өркендетуге арналған нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия барлық мемлекетке сынақ кезеңіне айналғанына тоқталды. ДДСҰ болжамы бойынша әлемнің дегбірін қашырған індетті жеңу үшін кем дегенде екі жыл қажет. «Біз осыған дайын болуымыз керек. Сондықтан алдын ала шара қабылдап, барлық шешім мұқият тексерілген болжамдарға негізделуі тиіс. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатта ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Ол – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.

Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталық еліміздің беткеұстар салалық мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін береді.

«Отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін», – деді Мемлекет басшысы.