Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы қызметкер санын азайтуды жеделдетуді тапсырды. Биыл олардың саны 10%, ал келер жылы 15% кемиді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен министрліктердегі жауапты хатшы институты таратылатын болды.
Жаңадан құрылатыны да бар. Мемлекет басшысы өзіне тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құруды тапсырды.
Бұл Қазақстан халқы үшін 23-жолдау. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде екінші Жолдауын жариялап отыр. Стратегиялық құжаттың қайсібірінің де жүгі жеңіл болған емес. Бірақ бұл жолғысының жүгі де, жөні де бөлек. Әдетте Парламенттің бірлескен отырыстар өтетін мына залы толып отыратын. Бұл жолы жартылай бос. Саяси оқиға санитарлық талаптарға сай өтті. Алтыншы сайланған Парламент депутаттары алтыншы сессияны ашуға маскамен, қолғаппен келді. Бірақ бәрі емес.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Сенаттың 49 депутатының 44-і қатысып отыр, мәжілістің 107-і депутатының 98-і қатысып отыр.
Әлем пандемиямен күресіп жатыр. Қазақстан да пандемияның бір толқынын бастан кешірді. Өкініштісі сол, вирустан қайтыс болғандар бар. Президент Жолдауын ауыр індетпен күресте алғы шепте тұрған азаматтарға алғысын айтып бастады, бірақ күрес әлі аяқталған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпаратты ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы. Алайда ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауы тиіс. Күрес әлі де жалғасуда.
ДДСҰ дерегінше пандемияны толық жеңу үшін әлі екі жыл керек. Ал сарапшылар жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіруге кемінде бес жыл қажет деп отыр. «Пандемиямен күрес жөніндегі кешенді бағдарлама әзірленеді», – деді Президент. Ол үшін Ұлттық қордан 1 трлн теңге жұмсалмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттеме орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз.
«Бізге мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет», – деді Президент. Әсіресе пандемия осы саладағы сылбырлықты көрсетіп берді. Сол үшін Президентке тікелей қарайтын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатын болды. Министрліктегі жауапты хатшылар қызметі қысқартылды, бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсеткен жоқ. Сондай-ақ Президент мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы қызметкерлер санын қысқарту жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл оларды 10%, ал келесі жылы тағы 15% қысқарту керек. Осылайша шенеуніктерді 2021 жылы 25% қысқарту міндетін шешеміз. Нәтижелерге байланысты және цифрландыруды ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз. Үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылады.
Осы ретте Президент «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіруді ұсынды. Осылайша портфельді компаниялар екі есеге азайып, штат саны да 50% қысқармақ.
Сондай-ақ Үкімет ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың бесжылдық ұлттық жобасын әзірлеуі тиіс. Мемлекет басшысы жер мәселесі жөнінде жеке ұстанымын да жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормасына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.
Пандемия әсіресе шағын және орта бизнес үшін ауыр соққы болып тиді. Мемлекет 700 мың бизнес субьектісіне салықтық жеңілдік жасады. Мемлекеттік органдардың тексеруіне тыйым салды. Президент тағы да басып айтты, мемлекеттік құрылымдардың бизнесмендер жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы аса ауыр қылмыс деп қабылдануы қажет. Себебі 2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің ЖІӨ үлесі 35% жетіп, осы секторда 4 млн адам жұмыс істеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнеске қолданыстағы кредиттері бойынша жылдық мөлшерлемесі 6% дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Субсидиялау ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап, яғни осы жылдың 16 наурызынан бастап 12 ай кезеңін қамтиды. Ұлттық банк неғұрлым зардап шеккен секторларда бизнес үшін айналым қаражатын толықтырудың арнайы бағдарламасын 2021 жылдың соңына дейін ұзартсын.
Заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігі. Президент жиі айтатын тақырыптар. Президенттің ойынша осы екі қағида қоғамда қатаң сақталмай, ешқандай әлеуметтік даму болмайды. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесіндегі үлкен реформалар жалғаса бермек. Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.
Президенттің пікірінше егер халықтың әл-ауқатын жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығына халық белсенді араласуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет.
Қауіпті індет денсаулықтың қадіріне басқаша қарауды үйретті. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілген секілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- 1,5 сағатқа созылған Жолдауда қамтылмаған тақырып аз. Экономика, әлеумет, заң мен сот, қылмыс пен жаза. Бірақ түйіні бір, толассыз реформалар мен абстарктілі көрсеткіштермен ешкімді қуанта алмаймыз. Қарапайым қазақстандықтардың қажеттілігі де қарапайым. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Және…
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз – айқын.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев. Дулат Ентебков