Үкімет Жолдауды іске асыратын жалпыұлттық жоспар әзірлейді
Министрлер кабинеті Жолдаудан кейінгі алғашқы отырысын өткізіп, Президент берген тапсырмалардың орындалу тетіктерін талқылады. Оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қазақстандықтарды арзан баспанамен қамту секілді мәселелер бар.
Енді Үкімет қыркүйектің 7-сіне дейін Жолдау жүктеген міндеттерді орындау жөніндегі жалпыұлттық жоспарды әзірлеп, Президенттің бекітуіне енгізуі қажет.
Пандемиямен күрес кезінде кеткен қателіктер ескеріліп, бұл бағыттағы жұмысты шитару керек. Президент тапсырмасынан кейін Үкіметтің міндеті артып, жүгі ауырлай түсті. Ең әуелі Салық кодексін халыққа түсінікті болатындай етіп, өзгерту қажет. Қырық түрлі төлем тоқтатылып, құжатқа түбегейлі ревизия жүргізілуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берген еді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл міндеттің қалай жүзеге асырылатынын және бизнеске көрсетілетін көмек түрлерін баяндады.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бүгінгі таңда Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрлері, он төлемақы және алты алым көзделген. Тиісінше, салықтар мен төлемдер санын барынша азайту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Экономиканың аса көп зардап шеккен секторлары үшін баламалы негізде айналымнан бөлшек сауда салығын төлеу құқығын қолдану мәселесі зерделенетін болады. Шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында шағын және орта бизнестің қазіргі кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады әрі түпкілікті жылдық мөлшерлемелері 6% дейін жеткізілетін болады. Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған кезден бастап, 12 ай мерзімді қамтиды.
Шағын және орта бизнес жыл соңына дейін жалдау төлемдерінен босатылады. Елде көлеңкелі экономикамен күрес те күшейе түспек. Қаржы министрлігінің экономикалық тергеулер қызметі бұдан былай мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз саудалау, капиталды заңсыз шығару, бюджеттік ақшаны жымқыру мен ысырап ету сынды қылмыстық істерді тергеумен айналысады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар өзектендіріледі және оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдар бөліміне заңнама жетілдірелетін болады. Бұл ретте FATF ұстанымдарын орындау маңызды. Атап айтқанда, мемелекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салуды енгізу және салық органдарының кәсіпкерлік субъектілерінен түпкілікті бенифициар туралы мәліметтерді алу құқығын заңнамамен бекіту керек.
Президент Жолдауында жүктеген міндеттерді орындау үшін қаржылық қолдау 2021 – 2023 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау барысында жүргізілмек. «Оның ішінде медицина қызметкерлеріне үстемақы беру, салынуға тиісті жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысына кететін шығындар да ескеріледі», – дейді ҚР Қаржы министрі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу жыл соңына дейін жалғасады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мемлекет басшысы биылдан бастап медицина және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Бұл жұмыс 2023 жылға дейін жалғасып, сол кезде олардың табысы ең төменгі жалақыдан 2,5 есе жоғары болу керектігін айтты. Бұл шығындар 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасында көрсетілген. Осылайша 247 мың маманның жалақысын арттыру үшін 2021 жылы 222,3 млрд, 2022 жылы 361,7 млрд, ал 2023 жылы 557,5 млрд теңге қаржы жұмсау керек.
Айтылған сома қомақты. Бұл ретте қазіргі дағдарыс кезінде «Мұндай қаржы қайдан алынады?» деген орынды сұрақ туындайды. Елдегі ЖІӨ көлемінің 25, ал экономикадағы инвестицияның 50% жуығы мұнай мен газ секторынан тартылады. Бұл көрсеткішті одан әрі өсіруге болады. Ол үшін Президент айтқандай шикізат сатуды доғарып, дайын өнімді экспорттау қажет. Осы ретте энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қазіргі кезде аталған секторда қайта бағдарлау жұмысы жүргізіліп жатқандығын айтты.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:
- Ірі жобаларға тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда қуаты жылына 500 мың тонна және құны 2,6 млрд доллар құрайтын полипропилен өндіру жөніндегі газ-химия кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаны аяқтау мерзімі – 2021 жылдың соңы. Бүгінде біз полиэтилен өндіру жобасын іске асыру үшін зәкірлі инвесторды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз.
Халықты алаңдататын басты мәселенің бірі – баспана. Қордаланған проблеманы шешу жолын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ұсынды.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасында жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін қарастыру ұсынылады. Бұл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй құрылысына қарастырылған қаражатты қайта бағыттау ұсынылады. Шамамен жүз мың азаматқа қолдау көрсетіледі. Аталған тетік Отбасы банкі арқылы жүзеге асырылады.
Министрлер кабинеті небәрі екі күннің ішінде айтылған ұсыныстар мен Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асырудың жолын табуы қажет. Үкімет басшысы Асқар Мамин министрлерге 4 қыркүейкке дейін уақыт берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бәсекеге қабілетті нақты секторды белсенді дамыту және экспорт құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына баса мән беріледі. Яғни тұрғын үйдің қолжетімділігі, қолайлы отбасылық демографиялық жағдай, қолайлы экология, қолжетімді және сапалы білім беру және денсаулық сақтау жүйелері басты назарда болмақ.
Үкімет қыркүйейктің 7-сі күні Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағытын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспар әзірлеп, Президенттің бекітуіне енгізуі тиіс. Бұл істе бастысы – барлығын халыққа түсінікті тілмен жеткізу.
Авторы: Риат Шони