Депутаттар зауыттар мен қоймаларға рейд жүргізді
Қазір отандық бірыңғай дистрибьютор елге қосымша екі айға жететін дәрі-дәрмек қорын жинады. Арнайы резерв және тұрақтандыру қоры құрылды. Өкпені жасанды желдету аппараттарын өндіру де қолға алынды. Оның алғашқы 1500 данасы келесі айда ауруханаларға беріледі. Сенат депутаттары жағдайды білу үшін «СҚ-Фармация» компаниясының елордадағы қоймасына барып, дәріханаларды аралады.
Астаналық Бақытжан Нұргөзова гемофилия ауруының сирек түріне шалдыққан. ІІ топтағы мүгедек болса да, қажетті дәрісін таба алмай әлек. Жеңілдік те жоқ деп шағымданды.
Бақытжан Нұркөзова, ІІ топтағы мүгедек:
- «СҚ-Фармация» компаниясы емханаларға таратып тастадық деп айтады, ал емханаларға барсақ «дәріханалардан алыңдар, бұл жерде жеңілдіктер қарастырылмаған» деп айтты. Бәрін удай қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрміз.
Сенат депутаттары жарымжандардың проблемасын толық шешуге ниетті. Науқастың сөзінің жаны бар. COVID-19 елде өршіп кеткен тұста 650 дәріхана бағаны көтеріп жіберген.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз 30-ы ол кісіні қабылдаймыз. Тіркелген азаматтарға жеңілдікпен дәрі дәрмек берілмейді дейді. ҚР Денсаулық министрімен бірге арнайы қарастыру керек.
Депутаттар елімізде препараттардың жеткілікті екеніне көз жеткізу үшін дәріханаларды аралауға арнайы шықты.
Пандемия жағдайы ескеріліп, биыл дәрі-дәрмек сатып алуға 240 млрд теңге бюджеттен бөлінген. Індет өршігенде дәрі қат болғаны есімізде. Тапшылықты болдырмау үшін енді арнайы резерв, тұрақтандыру қоры құрылған, оған 8,2 млрд теңге жұмсалып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 300-ден астам медициналық ұйымда тиісті қор жинақталған.
«СҚ-Фармация» компаниясы дәрі тасымалын жеделдету мақсатында тендер өткізу мерзімін 45-тен 25 күнге қысқартқан. Препараттарды жөнелту бұрынғыдай екі апта емес, бір жұма ішінде аяқталуы тиіс. Компанияның жаңа басшысы осындай жаңа талаптар енгізілгенін айтты. Маңызды дәрілермен қоса, қорғаныс құралдары антисептик, маска жеткілікті.
Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:
- 10 млн маска сатып алдық, ал нарықта қазір 50 млн маска бар. Кеше олардың бағасы 40 теңге болып бекітілді, біз 2 теңге үстеме ақы қосып, дәріханаларға жібереміз. Шекті баға 60 теңге.
Десе де жаз бойы өңірлерді аралаған сенаторлар тапшылық әлі де болса жойылмағанын алға тартты. Вирус өршігенде өкпені жасанды желдету аппараттары да қат болғаны есімізде. Депутаттар отандық зауыт өндірісіне барды. Үкімет тапсырмасымен үш ай бұрын отандық құрылғы жасауды қолға алу тапсырылды. Бүгінде Түркиямен келісім негізінде өндіріс елімізде жасалып отыр.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Отандық өкпені жасанды желдету аппаратының құны 8 млн 900 мың теңге. Мемлекеттен осындай 1500 медициналық баждық жасауға тапсырыс берілген. Қазанның басына дейін еліміздің 297 ауруханасына отандық аппарат жөнелтіледі.
Депутаттар дәрі бағасын қадағалау, тасымал мәселелерін шешу бойынша дәріханалар мен «СҚ-Фармация» арасында екі жақты келісім орнауы қажеттігін алға тартты. Дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алуға жүйелі әрі сауатты жоспарлаудың септігі тиетіні айтылды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин