БАӘ-де жазасын өтеп жатқан алты қазақстандық елге қайтарылуы мүмкін
Екі елдің қылмыстық заңнамасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, БАӘ-де ораза бұзу, қоғамдық жерде ішімдік ішу, некесіз жыныстық қатынасқа түсу қылмыс саналады. Араб елінде өлім жазасы бар, Қазақстанда жоқ. Десе де заң аясында шетелде шалыс басып, істі болған ел азаматтарын Қазақстанда жазасын өтеуге алдыру мүмкіндігі жасалып отыр.
Қанатбек Сафинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Шартты ратификациялау шетелдіктерге, біздің азаматтарға басқа елде қылмыс жасаған жағдайда өз отандарында жазаларын өтеп, босатылған кезде қоғамға тез арада бейімделіп, өзіне жақын ортаға қосылуына және әлеуметтік жағынан жақсартуға мүмкіндік береді.
Сәуле Айтпаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Айрықша жағдайлар бұл заң жобасында толық көрсетілген. Мысалы келтірілген шығының, моральдік зақымның орнын толтыру немесе БАӘ қылмыстық кодексінің Қазақстан Республикасында ерекше тұстары болса, тараптар өзара келісімге келеді. Егер бұл келісім нәтижеге жетпесе, азамат сотталған елде жазасын өтей береді.
Қырғызстан кедендік шекарасындағы өткізу пунктерін жаңғыртуды былтыр аяқтауы тиіс болатын. Алайда үлгермеді. Енді 2021 жылғы 12 тамызға дейін уақыт беріліп отыр. Осы себепті ЕАЭО-ға қатысты хаттамаға өзгерістер енгізіліп, ратификациялық құжат Сенатта қабылданды. Сенаторлардың айтуынша, осы құжат негізінде кедендік іс саласында құқықбұзушылықтарды азайтуға болады.
Сергей Карплюк, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қырғыз Республикасы сыртқы мемлекеттік шекарасындағы барлық өткізу пунктін жаңғыртуды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ететін болады. Барлығы автоматтандырылады және тиісті мониторинг жүргізуге мүмкіндік беру үшін ақпарат дереу орталық кеден органына жолданатын болады.