Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ұйым мүшелерімен кездесті
Ең жоғары бәсекелестік Медеу ауданында. Бір орынға 12 адамнан. Nur Otan партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыда партия мүшелерімен кездесіп, партияішілік іріктеу шарасының маңыздылығын талқылады. Алматыда саяси додаға қатысуға әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар көп қызығушылық танытып отыр. Ал салалар бойынша бизнес, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенділік танытуда. Праймеризге қатысушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар адамдар, көпбалалы аналар және қандастар да бар. Партия төрағасының орынбасары: «Саяси жүйедегі өзгеріс жергілікті мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді», – деді. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Айта кетейік, праймериздің дауыс беру кезеңі 1-3 қазан күндері өтеді. Мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлерді алдын ала партияішілік іріктеуде 60 мыңнан аса партия мүшесі дауыс береді.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- 2015 жылы Елбасы өзінің бес институционалды реформаларында жалпы Қазақстан қалай өзгереді, қандай саяси реформаларды жасайтынын айтып кетті. Жан-жақты жүйелі құжат. Сол кезде саяси реформалар туралы да көп айтылған. Соның аясында өздеріңіз білетіндей 2017 жылы пропорционалды жүйеге көштік. Оның алдында мәслихат депутаттары өзінің жеке мандаттарымен өтетін болатын. Ал енді партиялар осы сайлауға түсетін болады.