Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстанның Министрлер кабинетінің төрағасы-Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев Бішкек қаласында Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамда өткен 14-ші отырысына қатысты. Жиын барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың екіжақты ынтымақтастықты басым бағыттар бойынша одан әрі тереңдетуге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстар, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, көлік-транзит, ғарыш саласы, авиация, цифрландыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.