Елбасы Шымкенттегі «Қазмедприбор» серіктестігінің жұмысымен танысты
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Шымкент ескі қалашығы» археологиялық нысанында болды.
Дархан Әбдуахит, тілші:
– Өндіріс қуатты. Жылына 50 мың дана медициналық құрал-жабдық, 150 мың медициналық жиһаз бен 1000 автокөлік шығаратындай мүмкіндігі бар. Ал компания өнімдерінің халықаралық талаптарға сәйкес болуы, ТМД мен Еуропалық одақ елдеріне сатуға мүмкіндік береді. Дегенмен әуелгі мақсат – ішкі нарықты қамтамасыз ету, артылғаны экспортталады.
«Қазмедприбор» – Шымкенттегі іргелі кәсіпорын. Әсіресе пандемия кезінде оның қызметі өзекті болып тұр. Компания өкпені жасанды желдету аппараттарын шығарады. Аппараттардың турбиналық, неональді және портативті түрлері осы жерде жасалады. Бұдан бөлек, медициналық жиһаз, автокөлік, дезинфекциялық заттар өндірісімен айналысады. Бүгін Елбасы кәсіпорын қызметімен танысып шықты.
Тұтқиылдан келген жаман ауру асқынып тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанға» аса мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуді, бөлінген қаржыға бас-көз болуды тапсырды. Сонымен қатар Тұңғыш Президент қоры есебінен қомақты қаржы бөлінді. Сақтық шараларын сақтап, аурудың алдын алуға қам жасау керек. Сол дайындықтың бірін «Қазмедприбордан» байқауға болады.
Бұл үнемі дамып, технологияның жаңасын игеріп жатқан кәсіпорын. Мәселен, 2013 жылы жапониялық серіктестермен бірлесіп, «Қазмедприбордың» базасында рентген-диагностикалық қондырғылар шығаратын зауыттың жұмысы жаңғыртылды. Араға бір жыл тастап биохимиялық анализаторлар мен медициналық реагенттер, сонымен қатар дезинфекциялық заттар өндірісі жолға қойылды. Бұл іске Италия мен Германия компаниялары өз үлесін қосты.
Өндірісті өркендетуге мемлекеттік бағдарламалар септігін тигізген. «Бизнестің жол картасы» кәсіпорын қуатын 4 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, өндірістік құрал-жабдық жаңартылып, бірнеше жұмыс орны ашылды.
Қаныбек Қанатбекұлы, «Қазмедприбор» ЖШС жобаларды дамыту жөніндегі директоры:
– Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының арқасында кәсіпорын коронавируспен күреске қажет қондырғылардың біразын өткізді. Қазіргі таңда еліміздегі медициналық мекемелерді тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайынбыз. Америкалық және жапониялық серіктестерімізбен бірлесіп әзірлеген, турбиналы технология қолданылған өкпені жасанды желдету аппараты пациентке қажетті оттегіні тиісті мөлшерде береді. Компания мамандардың біліктілігін арттыруға ден қойған. Инженерлердің көбі шетелде оқып келді.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында медициналық орталықтар салу жөнінде тапсырма бар, сол тапсырманың орындалуы барысы жайында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Елбасына баяндап берді.
Бұдан бөлек «Самұрық Қазына» қоры тарапынан пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау бағыттындағы жұмыстар баяндалды.
Ал Шымкент қаласында көпбейінді университеттік аурухана салынады. Мың орындық медициналық мекеме жеке инвестордың қаражатына бой көтереді. Бұл жерде ана мен бала, хирургиялық орталықта болады.
Ал мына археологиялық нысан «Шымкент ескі қалашығы» деп аталады. Қазақстандағы көне тарихи орындардың бірін Елбасы аралап көрді. Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевқа ежелгі қалашықтағы археологиялық жұмыстардың нәтижелерімен және мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды.
Шымкент ескі қалашығы мен Тәуелсіздік саябағын жалғастыратын Амфитеатр салынады. Бұдан бөлек, мұражай бой көтереді. Бұл алдағы күннің жоспары. Ал қазіргі уақытта ежелгі қоныста үш стратиграфиялық қазба жасалды. Қалашықтың ең төменгі қабатында біздің заманымызға дейінгі ІІІ және ІІ ғасырдың басына тән керамика кешені бар.
Диляра Сейітнұрова, жобаны үйлестіруші:
– Біз Шымкентке 2200 жыл деп дәлелденген нұсқаны ЮНЕСКО-ға ұсынып едік, қабылданды. 2200 жылдығын осыған байланысты тойлап отырмыз. Мысалы, әрбір қалада осындай нысан, жоба бар деген, әрбір қала мақтан тұта бермейді. Біздің жобамыз өте ерекше, Қазақстан бойынша және Орталық Азия бойынша. Бұл біздің зерттеуімізге үлкен жол ашып жатыр.
«Ескі қалада» ғылыми-реставрациялық, археологиялық зерттеу жұмыстары жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Күні ертең бұл жер қазақ тарихын жаңа қырынан ашатын, туристер көптеп келетін орынға айналады.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев және Айдос Ентебеков