Nur Otan партиясы өткізген праймеризде 660 мыңнан астам адам дауыс берген
581 мың адам онлайн дауыс беру платформасын қолданған. Шалғайда тұратын 81 583 адам кәдімгі қағаз бюллетенмен дауыс беріпті. Жалпы праймеризге 10 990 адам қатысқан. Оның 36% астамы әйелдер, 30% жуығы жастар екен. Кандидаттардың 70% болса өзін-өзі ұсынғандар. Партия хатшысы Арман Қырықбаевтың айтуынша Орта Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған праймеризге жұрт ерекше қызығушылық танытқан. Үгіт-насихат шаралары кезінде екі мыңға жуық пікірсайыс өткен. Сайлау кезінде арнайы комиссияға 30-ға жуық арыз-шағым түсіпті. 34 үміткер праймеризге қатысу құқығынан айырылған. Олардың 28-і жоспарланған дебатқа қатыспағаны үшін тізімнен шығарылған. Партия хатшысы праймериздің әділ әрі ашық өткенін айтты.
Арман Қырықбаев, Nur Otan партиясының хатшысы:
- Бұл – Елбасы өткен жылы тамызда жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партияны қайта жаңғырту бағдарламасының ең негізгі бағыттарының бірі. Негізгі әлеуметтік топтардың қамтылуына келер болсақ, кандидаттардың сапалық құрамы қызметіне қарай былай бөлінді: 31% білім, ғылым саласы өкілдері, 14% шағын және орта бизнес өкілдері, 7,8% мәдениет және спорт саласы, 7,1% қызмет көрсету, 6,2% ауыл шаруашылығы саласы, 4,6% өнеркәсіп және басқа да сала өкілдері.