2021 жылдан бастап қазақстанда тәулігіне 2 млн медициналық бетперде өндіріледі
Қазір бұл көлем 1 млн шамасында. Ал жалпы жыл басынан бері отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін өндірісті 34,1% арттырды. Бүгінде отандық фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді. Ал 2025 жылға дейін елде 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылмақ. Бұл дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 2,5 есеге арттырады. Мұның барлығы Үкімет қабылдаған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарында көрініс тауып отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Биыл фармацевтика өндірісінде 34,1%, инвестицияларда 5,2% серпінді өсім байқалуда. Бес мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуда отандық өндірушілердің үлесі 30% дейін өсті. Бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Ұсынылған фармацевтика және медицна өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бойынша 30-дан астам жаңа фармацевтика өндірістері іске қосылатын болады. Жалпы осы қабылданып жатқан жүйелі шаралар халықтың денсаулығын сақтауға ықпал жасайды. Осы ретте ұсынылған кешенді жоспар жобасын мақұлдаймыз.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Асқар Мамин қазақстандық диқандарды астық жинау науқанының аяқталуымен құттықтады. Барлық маманның үйлесімді жұмысы 20 млн тоннадан астам сапалы астық жинауға мүмкіндік берді. Премьер-Министр ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылатынын айтты. Алдағы үш жыл ішінде Қазақстан алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, қант және құс еті сияқты алты түрлі өніммен өзін-өзі толық қамтуы тиіс. Оған қол жеткізу үшін Үкімет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министріне бір айдың ішінде нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Барлық маманның үйлесімді жұмысы жоғары сапалы астық жинауға мүмкіндік берді. Оның көлемі өткен жылдан жоғары. Осы ретте барлық ауыл шаруашылы жұмыскеріне осы жасалған ауқымды жұмысы үшін, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуға шынайы мүмкіндігі бар. Сондықтан Үкімет осы маңызды міндет шешу үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бұдан әрі баса назар аударатын болады. Жалпы ұсынылған тәсілдерді мақұлдау қажет деп есептеймін. Бұл ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бір айдың ішінде нарықта отандық азық-түлік тауарларын толықтыру жөнінде кешенді жоспар қабылдасын.