2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы өтеді
Сондай-ақ Президент алдағы саяси науқанға байланысты Үндеу жариялады.
Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалатыны туралы жазған. Президент өз сөзінде барлық саяси партиялар сайлау науқанына дайындалуы керектігін айтты. Бүгінге дейін сайлауалды платформаны әзірлеуге, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруге уақыт жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірінші, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.