Елбасы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрын аралап көрді
Бірі – қазақ музыкалық драма театры, екіншісі – жеңілатлетикалық кешен. Бұл ғимараттар сәулетімен ғана емес, мазмұнымен де құнды.
Мұны көптен күткен қуаныш деп сипаттауға әбден болады. Сахнасы тар, залы шағын Қаллеки театрының мәселесі біраз уақыттан бері айтылып жүр еді. Сабақты ине сәтімен. Енді міне, бас шаһарда еңселі ғимарат бой көтерді. Өнер ордасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен салынды.
Театр құрылысы былтыр сәуірде басталды. Нәжімеденов, Байтұрсынұлы және Сарыкөл көшелерінің қиылысындағы ғимараттың жалпы аумағы 23 мың шаршы метрге жуық. Үш қабатты нысанның ішінде өнер ұжымына қажетті дүниенің бәрі ескерілген. 635 орындық үлкен зал мен 2020 орындық камералық зал бар.
Бұл өнер ордасы астанамен бірге жасасып келеді. 1991 жылдың қарашасында шымылдығы «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылғалы бері, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры бірнеше қойылымды сахналады. Театр ұжымы классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді. Алыс-жақын шетелдердегі және Қазақстандағы фестивальдерде сан мәрте жүлделі болды. 2011 жылы «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесін алды.
Бір ғана елорданың өзінде 65 мәдениет мекемесі бар. Жеті сарай мен концертзалы, бес музей, жеті театр, 20 кітапхана мен алты кинотеатрдан бөлек, жеке көркемсурет галереялары жұмыс істейді. Осылайша қазақтың кіндік қаласында өнер атаулының барлық түрінің, атап айтқанда музыканы, театрды, сурет пен әдебиетті дамытуға қолайлы жағдай жасалды. Елорда тарихымызды, дәстүрімізді, тұтас мәдениетімізді танытатын шаһарға айналды.
Тәуелсіздік алғалы бері мәдениетпен бірге спорт саласы да қатар дамып келеді. Енді қаладағы алып кешеннің бірі жеңіл атлетикаға арналмақ. Нысанды Елбасы аралап көрді.
Тоғыз гектар жерге, 7 мыңға жуық көрерменге шақталып салынған кешен Тұран көшесінің бойында орналасқан. Бұл аумақты өз алдына жеке спорт қалашығы деп атауға болады. Себебі «Астана арена», «Сарыарқа», «Алау», «Барыс арена» секілді кешендер бір-бірінен алыс емес. Енді бұл қатарға «Қазақстан» спорт ғимараты қосылды. Мамандар бұл нысанның тұтас Орталық Азияда баламасы жоқ деп баға беріп отыр. Келешекте бұл жерде ірі спорттық жарыстар өтетін болады. Жақында спорткешеніне Халықаралық Жеңілатлетикалық федерациялар қауымдастығының сертификаты берілді.
Әр ғимаратта Елбасының қолтаңбасы бар. Нұрсұлтан Назарбаев елорданың дамуына әрдайым айрықша мән береді. Қыркүйекте «Астана Бас жоспары» институтында болып, әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысымен танысқан. «Нұр-Сұлтан өмір сүруге және іскерлік белсенділікке қолайлы қала ретінде дами беруі керек», – деп тапсырма берген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Елорда – елдің тарихи және мәдени мұрасы. Қарыштап дамып келе жатқан заманауи шаһар. Тәуелсіздік рухымен салынып жатқан мәдениет ошақтарының қатары көбеюде. Елордада бірегей денсаулық сақтау, білім беру, ғылыми жағынан да қаланың үлкен болашағы бар. Спортта да тың серпіліс байқалуда. Биыл салынған жеңіл атлетика сарайы – біздің өңірде жоқ сарай. Дүниежүзілік атлетика жарысын өткіземіз деп жатыр ғой. Осы спорт сарайын тек үлкен спортқа ғана емес, қарапайым халықтың ішіне барып, спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау керек.
Әкімшілік, іскерлік, экономикалық, мәдени және саяси орталық. Елорда осы талаптардың қай-қайсысына да жауап береді. Миллионнан астам тұрғыны бар, республикалық бюджеттің доноры, құрылысы қарқынды, экономикасының 55% шағын және орта бизнеске тиесілі бас қаланың қадамы қарышты.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Саят Рамазанов