Елордада Елбасы күніне арналған жабық жиын өткізілді
Елордада өткен халықаралық конференция осы тақырыпқа арналды. Шараны «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы, елімізге танымал журналист Ерлан Бекхожин жүргізді. Конференцияға белгілі қазақстандық саясаткерлер ғана емес, шетелдік ірі тұлғалар да қатысты.
Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференция биыл әдеттегіден тыс онлайн форматта өтті. Оны «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы, танымал журналист Ерлан Бекхожин жүргізді. Ең әуелі еліміздің атқамінерлеріне сөз берілді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасының кемеңгер шешімдерінің бірі астананы Арқа төсіне көшіру екенін айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Тұңғыш Президентіміз тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, егемендіктің ең басты тұғырларын тас-түйін бекітіп берді. Ең алдымен, шекарадай күрделі мәселе кемеңгерлікпен шешіліп, халықаралық құжаттармен біржола шегенделді. Шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе, мемлекеттің тәуелсіздігі баянсыз, болашағы бұлыңғыр болады. Оны бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан Елбасымыз бұл істе дау-дамайға емес, салиқалы дипломатияға арқа сүйеді.
Бүгінде тұрақтылықтан гөрі тайталасқа жақын жаһандық саясатта Елбасын көпшілік бітімгер ретінде де біледі. Көрші елдерде болған қақтығыстар кезінде шешуші қадамдар жасағанын талай мықтылар мойындайды. Мұны Елбасының серіктестері жақсы біледі.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының, халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалып, біз тәуелсіз ел болдық, өткен 30 жылда ғасырлық қыруар шара жүзеге асты. Қазақстан дүниеде сыйлы да қуатты мемлекетке айналды. Сондықтан біз үшін Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егіз ұғым.
Бүгінде кей елдер әлі күнге ядролық қаруымен доқ көрсетіп, қауіпсіздік мәселесін ғасырлар бойы шеше алмай жатқаны мәлім. Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы бастамасы әлемдік қауымдастық үшін тарихи шешім болып қала бермек екендігін БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун баса айтты.
Пан Ги Мун, БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы:
- Әлем үшін қауіпсіздік мәселесі қашан да бірінші орында. Көпке үлгі бола алатын тұлғалар сирек туады. Нұрсұлтан Назарбаевты ақылды, дана саясаткер деп білемін. 500-ден астам жарылыс болған Семей сынақ полигонын жапқан Назарбаевтың бұл қадамы оның беделін өсіре түсті. Бұл – оның әлемдегі бейбітшілікке қосқан зор үлесі.
Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық заңдылықты басшылыққа ала отырып, түбегейлі өзгерістерді батыл орындады. Ал реформалар қазақстандық қоғамның эволюциясымен тікелей байланысты әрі дер уағында жүргізілді. «Қазақстанды демократияға алып келген бірден бір көшбасшы, әр кез Тұңғыш Президенттер елдің дамуын жолға қояды», – деді АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс. Бұдан бөлек Елбасы туралы Британияның бұрынғы премьері Тони Блэр, Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл де жылы лебіздерін білдірді. Бірнеше жыл Елбасының кеңесшісі қызметін атқарған қоғам және мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Тұңғыш Президенттің берген кеңесін айтып берді.
Ермұхамет Ертісбаев, қоғам және мемлекет қайраткері:
- Я расскажу о том совете, вернее напутствии, которое Нурсултан Абишевич дал мне 11 марта 1995 года. Я стал советником. Утром зашел в кабинет, он лично мне вручил удостоверение. А в это время в Конституционном суде решался вопрос по поводу роспуска Парламента. И он задал мне вопрос. Вопрос очень сложный был. Я на него посмотрел, начал лихорадочно соображать, какой ответ ему понравится. И он мне сказал: «Не пытайся угадать мои мысли. Мне это не надо. Говори всегда только то, что думаешь».
Бүгінде Қазақстан – халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі. Шекарасы шегенделген тұрақты мемлекет. Бұл – сөз жоқ Тұңғыш Президент Назарбаевтың жасампаздығының арқасы. Орта жолдан қайырылмай, өз ісін аяғына дейін жеткізген сенімді басшының ісі. Шетел саясаткерлері бір адамдай осындай ой-пікір айтты.
Авторы: Индира Жылқайдарова