«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасын жариялады
Партия құрылтайын осылай деп бастаған «ақжолдықтар» парламентаризм институтын күшейтуді көздейді. Демократиялық партия президенттік басқарудан парламенттік республика жүйесіне көшуге шақырады. «Ақ жол» партиясының құрылтайында тағы қандай бастамалар көтерілді?
«Үкіметтің құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтау керек. Кейін барлық жетістіктер мен кемшіліктер үшін де осы партия жауап береді». «Ақ жолдықтардың» сайлауалды бағдарламасы осылай басталады. Саяси өзгерістерге үндеген партия мемлекеттік бюджетті бақылауды да Парламентке беріп, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды таратуды ұсынды. Кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту үшін қосымша құн салығын төмендетуге шақырды.
Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіруде шектелген қосымша құн салығын енгізу – бұл екінші бағыт. Жерде жұмыс істеп жатқан, ауылда жұмыс істеп жатқан кәсіпорын мен мұнай өндіріп жатқан кәсіпорын екеуін салыстыра алмайсыз ғой. Сондықтан бұлардың қосымша құн салығы әртүрлі болу керек.
Партияның басты бағыттарының бірі – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. «Қазақ тілін экономиканың әр саласына мемелекеттік деңгейде енгізу керек», – дейді демокартиялық партия өкілдері.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Мемлекеттік тілімізді біз қазіргі кезде тек әдебиет, тарих, мәдениет мәселелерінде ғана емес, экономика, қаражат, мемлекеттік басқаруға да енгізуіміз қажет.
Саясаттанушы Максим Казначеев партиялардың сайлауалды бағдарламасына өз пікірін білдірді. Мысалы, бизнестің мүддесін қолдайтындардың қатарында «Ақ жолдан» бөлек, «Адал» партиясы бар. Саясаттанушы: «Осы тұста электорат екіге бөлінеді», – дейді. Дегенмен әрқайсысының өз басымдықтары бар.
Максим Казначеев, саясаттанушы:
– Бүгінге дейін болған съездерде саяси жүйеге түбегейлі ықпал ететін партия көрмедік. Әрине, қорытындысы үгіт-насихат нәтижесінде белгілі болады. Бірақ партиялардың бағдарламалары сайлаушылардың тек 10-15% қамтиды. Ал «Ақ жол» партиясы сайлауда өзіндік орын алады. Оның парламенттік мәртебесі бар. Сондай-ақ өзге сайлау компанияаларында тәжірибесі мол. Бұл үгіт-насихат кезеңінде партия үшін тиімді болады деп есептеймін.
«Ақ жолдың» сайлауалды бағдарламасы алты бағыттан тұрады. Ел арасында бизнестің партиясы деп танылаған саяси ұйым ішкі сыртқы саясаттан бастап, нарықтық экономика мен кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі ұсыныстар көтерген.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Бекболат Базарбеков