ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесіне Қ.Тоқаев қатысты
ТМД ұйымына мүше Мемлекет басшылары онлайн форматта жүздесіп, жылды қорытындылады. Ұйымның стратегиялық даму жоспарын қабылдады.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшыларын келісімге шақырды. «Әсіресе қазіргідей қиын тұста достастық елдерінің халқы Президенттерден іріткі тудырмайтын ілкімді шешімдер күтеді», – деді ол. Сондай-ақ ТМД-ның алдағы дамуына қажет алты бағытты атап көрсетті.
Тәжірибеге сәйкес, жыл сайын ТМД елдері Президенттерінің 1 ресми және 2 бейресми отырыстары өтеді. Мұндай онлайн жүздесуге Президенттер төселіп алған да секілді. Бірлестіктің бүгіні мен болашағын 3 сағатқа жуық сөз етті.
Биыл ТМД-ның төрағалығын тұңғыш рет Өзбекстан атқарып шықты. Шавхат Мирзеевтің сөзінше, Өзбекстанның ұйыммен ұпайы түгел, ТМД елдерімен тауар айналымы өсіп жатыр.
Дегенмен Президенттер бірауыздан жылдың күрделі болғанын айтады. Қасым-Жомарт Тоқаев 6 бағыттан тұратын ұсыныстар топтамасын жариялады. Ең бастысы – азаматтардың денсаулығы, демек коранавируспен күрес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірледі және оның сынамалары жақсы нәтиже беріп те жатыр. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады.
Кейбір сарапшылар: «ТМД ұйым ретінде өз функциясын орындап отырған жоқ», – деп пікір айтады. Алайда ол өз өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы келер жылы 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Жер шарындағы халықтың 5% қоныстанған ТМД елдерінің табиғи және экономикалық мүмкіндігі мол, тек сол мүмкіндікті жандандыру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазіргі жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек.
Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген бір мәселе болса, ол – Таулы Қарабақ. Биыл тағы да тынышы кетті. Тіпті әскери қимылдарға ұласты. 44 күнге созылған қақтығысқа нүкте қойылды, бүгін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Қарабақты қалпына келтіріп, оны әлемнің дамыған аймақтарының біріне айналдырамыз», – деді.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
– Босатылған аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары басталды. Біз халықаралық сарапшыларды тарта отырып, тұрғын үй қорына, экологияға, тарихи ескерткіштерге және т.б. келтірілген залалды бағалаймыз. Осы ретте ТМД елдерінің компанияларын мердігерлік жұмыстарға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл жұмыстардың барлығын өзіміз қаржыландыратын боламыз. Біз Қарабақты қалпына келтіріп, оны әлемнің дамыған аймақтарының біріне айналдырамыз.
Бүгінгі кездесуге Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатыса алған жоқ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, Владимир Путиннің белсенді қатысуымен шешілген шиеленіс өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі. Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стратегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек. ТМД халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие. Біздің ұйымның негізін қалаушылар күш жұмылдыра отырып, посткеңестік кеңістікті тарихымыздағы қарама-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантөгістен аман сақтап қала алды. Достастықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алатынымызға сенемін.
«Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2020-2022 жылдардағы төрағасы кезінде аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуға ниетті», – деді бүгін Президент. Ол үшін Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы ретінде ұйымды қайта құруды жоспарлап отырғанын және бұл бағытта бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Оның ішіндегі ең маңыздысы – ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасы.
ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті мерейтойлық отырысы келер жылдың көктемінде Минскте өтеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Зайнұр Байжігітова, Алмас Омарғалиев