Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарды
Бұл электораттың шамамен – 63 проценті. Қалай болғанда да, саяси додада төменгі палатадағы 107 депутаттың қатары біршама жаңарып, жасарғалы тұр.
Бірлік Берікұлы, тілші:
– Сөзімізді тағы статистикадан бастасақ, Орталық сайлау комиссиясы қай өңірдің саяси белсенділігі жоғары, ал қай аймақтікі керісінше төмен болғанын жіктеп берді. Сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Мұнда халықтың 75 проценті дауыс берген. Керісінше алматылықтардың не бары 30 проценті ғана сайлау учаскесіне келіпті. Сонымен Орталық сайлау комиссиясы шығарған қорытындыға сәйкес, жалпы саны 7 миллион 200 мыңдай дауысты саяси партиялар өзара былай бөлісіпті. «Қазақстан Халық партиясын» сайлаушылардың 9 проценттен астамы қолдады. 650 мыңдай жан аталған партияға дауыс берген. Nur Otan партиясы 71 процент, яғни 5 миллионнан астам дауыс жинап, көш бастады. «Ауыл» партиясының еншісінде 5,29 процент, яғни 383 мыңдай адамның таңдауы ауылдықтарға түсіпті. Ал «ақжолдықтар» дауыс көрсеткіші бойынша «Нұр Отаннан» кейінгі екінші орында тұр. 792 мыңдай дауыс жинап, 11 пайыздай межені еңсерді. Ал ADAL саяси партиясының үлесіне 3,57 процент дауыс бұйырыпты.
Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Бүгін біз елде соңғы үш айға созылған сайлау науқанын аяқтадық. Сайлаудың соңғы қорытындылары анықталды. Сайлауды ұйымдастырушыларға орындаған жұмысы үшін, халықаралық әрі ұлттық байқаушылардың сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін, ал сайлаушылардың белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтамын.
Парламент Мәжілісіне өту үшін партиялар 7 пайыздық межені еңсеруі қажет. Сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске үш партия өтті. Атап айтқанда, Nur Otan 76 мандат, «Ақ жол» 12 мандат және «Қазақстан Халық партиясы» 10 мандатты иеленді.
Ал Қазақстан халық Ассамблеясының атынан Мәжіліске 9 депутат сайланды. Оларды Ассамблеяның 351 мүшесі дауыс беру арқылы анықтады.
Жалпы тәуелсіз еліміздің тарихында Парламент Мәжілісінің сайлауы 6 рет өткізіліпті. Ең әуелгісі – 1995 жылғы сайлау. Ол кезеңде төменгі палата құрамында 67 депутат болған. Екінші сайлау төрт жылдан кейін өткізіліп, алғаш рет «аралас жүйе» тәсілі қолданылды. Яғни саяси кампанияға 10 партия қатысып, әр орынға 8 үміткерден келді. Ал 2016 жылдың 20 наурызында өткен сайлауға 6 партия қатысқан еді. Оның үшеуі 7 проценттен көп дауыс жинап, заң шығарушы орган мандатына ие болды. Сол кезде депутаттық корпус құрамы 60 процентке өзгерген. Жетінші сайлау да жаңаруға жол салады деген үміт бар.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясында мәслихат депутаттарын сайлаудың да қорытындысы шығарылды. Оны аумақтық сайлау комиссиялары ел аумағындағы 216 мәслихат бойынша жүргізді. Нәтижесінде кей өңірлерде мәслихат депутаттығына 5 партияның да үміткерлері өткен.
Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Келесі рәсім – депутаттық мандаттарды бөлу. Сайлау туралы Заңға сәйкес депутаттық мандаттарды бөлуді саяси партиялардың тиісті филиалдары сайлау қорытынысы жарияланған күннен бастап 5 күннің ішінде анықтайды.
Берік Имашевтың айтуынша, биыл Мәслихат депутаттары алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланды. Мұның республикалық және жергілікті деңгейлерде өкілді органдарды қалыптастыруды біріздендіру үшін маңызы зор.