Президент Ресей елшісін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
Марапаттау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасын не үшін табыстап отырғанын түсіндіре кетті. Президенттің ойынша, Ресей елшісі екі ел арасындағы одақтастық қатынастарды, сондай-ақ достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі еңбек сіңірді. Ал Алексей Бородавкин өз кезегінде елдер арасындағы одақтастық, интеграциялық байланыстарды нығайту жолында аянып қалмайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіз халықаралық қатынастар мәселелері бойынша білікті маман ретінде дипломатиялық орталарда танымалсыз. Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде мемлекеттеріміз арасындағы достықтың тұрақты болуына, мәңгілік сипат алуына зор күш салып келесіз. Сіздің атқарған үлкен әрі ауқымды жұмысыңыз үшін ризашылық білдіреміз.
Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен бұл марапатты елдеріміз арасындағы байланыстарды дамытуға жеке өзімнің ғана емес, сондай-ақ Қазақстан бағытында еңбек етіп жатқан барлық ресейлік дипломаттың, ең алдымен, елшіліктегі әріптестерімнің қосқан үлесіне берілген баға деп санаймын. Біздің одақтастық, интеграциялық байланыстарымызды одан әрі жоғары әрі сапалы деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерімді жұмсай беретінімді сеніммен айтқым келеді.