Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы өтті
Елдің тұрақты дамуын стратегиялық тұрғыдан жоспарлайтын топ бұл жолғы жиынның күн тәртібіне бірнеше маңызды мәселелерді шығарды. Соның бірі – 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын түзу. Құжат 12 стратегиялық бағытты қамтыған экономикалық, әлеуметтік салалардағы негізгі мәселелерді шешуге арналып отыр.
Президент әрбір тарау мен тармақтың мүмкіндігінше мазмұнға ие болуын тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Барлық индикаторлар біздің басты мақсатымызға жетуге, яғни бәсекеге қабілеттіліктің деңгейін көтеріп, әлемдегі дамыған елдердің біріне айналуға қол жеткізуді көздейді. Ұлттық даму жоспары шеңберінде ұсынылып отырған көптеген реформалар бірқатар заңнамалық актілерге, соның ішінде Кәсіпкерлік, Бюджет және Салық Кодекстеріне өзгерістер енгізуді қажет етеді. Сондықтан Үкімет пен Парламент бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Ал Депутаттық корпус Ұлт жоспарын сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуі керек.
Жиында қаралған келесі жобаның да салмағы ауыр. Құжат Мемлекеттік басқаруды 2030 жылға дейін жан жақты дамытуды көздейді. Тұжырымдамада басты құндылық адам мен оның әл-ауқаты деп көрсетілген. Бұл мемлекеттік басқару институттарына деген сенімді арттырады. Осылайша мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын қалыптастыруды көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Құжатта мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру, оның қоғам алдындағы есеп беруін, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері қамтылады. Яғни қоғамның бар қажеттілігін қамтиды. Бұл біраз өзгерістерге себеп болғалы отыр. Ал мұндай өзгерістер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Үкіметке тиісті іс-қимыл жоспарын қабылдауды тапсырамын.
Алдағы бесжылдықта 700-ден астам мекеме жекенің қолына өтеді. 5 триллион теңге болатын активтердің бәсекелестік ортаға берілуі мемлекеттің экономикаға қатысуын 14 процентке қысқартады екен. Бұл ретте стратегиялық инвесторларды тарту маңызды. Жиында 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы да таныстырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасалған жедел шаралар кешенін талқылады. Бұл шаралар төлем механизмін жеңілдетуге және шағын бизнестің салық ауыртпалығын азайтуды көздейді. Құжат 1 шілдеде күшіне енуі тиіс.
Ал Ұлттық халық санағын ұйымдастыру халықтың нақты санын, урбанизация деңгейін және табыс анықтап, нақты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Санақ осы жылдың қазан айында өткізілуі тиіс, ал 2022 жылдың ортасына дейін Үкімет нақты деректерді жариялауы керек.