Н. Назарбаев пандемия кезінде халыққа көмектесудің маңызды екенін айтты
Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау мәселесі талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезінде бұқараға қол ұшын созудың маңыздылығын айтты. Мұқтаж азаматтардың өзегін талдырмау керектігін тілге тиек етті. Ал Бауыржан Байбек: «Партия бағдарламасына енген жұмыс жоспарының 24% биыл жүзеге асыру көзделіп отыр», – деді. Ол үшін арнайы жол картасы әзірленген екен. Алдағы бес жылда елге берген уәденің барлығын қалдырмай орындаймыз деп сендірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаны қабылдадық. Енді оны жүзеге асыру мәселесіне көңіл бөлу керек.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Республикалық Жол картасы Мәжілістегі фракцияда Премьер-Министрдің, Үкімет мүшелерінің және депутаттардың қатысуымен талқыланды. Оны жүзеге асыру үшін 1700 көрсеткіш басшылыққа алынды. Биыл бұл индикаторлардың 24 пайызын орындау жоспарланып отыр. Өңірлерде сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша 216 жол картасы талқыланды. Соның аясында 80 мың индикаторға қол жеткізу көзделген. Алдағы бес жылда партияның сайлауалды уәделері толық орындалады.