Қасым-Жомарт Тоқаев: жер шетелдіктерге сатылмайды
Қасым-Жомарт Тоқаев көпті толғандырып, жүрген өзекті мәселеге нүкте қойғанын айттық. Ендігі кезекте бұл шешімді заң жүзінде бекіту қажет. Президент бастамасын Мәжіліс депутаттары құптап отыр. «Өйткені жер – экономикалық ресурс, ол бірінші кезекте өз халқымызға игілік әкелуі керек», – дейді олар.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл – азаматтық қоғамдағы белең алған қазіргі даулы мәселе. Көптен бері келе жатқан алдындағы жердің комиссия мүшесінде жұмыс істедік. Оған дейін білесіздер, мораторий болды. Қазір де халықты алаңдатып отырған мәселе болған еді. Сондықтан да нақты айттық және даурықпа сөзге желік бермей, керісінше ұстамдылық танытып, осыны әрі қарай жалғастыру бағытын айқындап берді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Осы жер ресурстарын әрі қарай ұтымды қалай пайдалану керек?» деген мәселеге қарастыру үшін Үкіметтің жанына комиссия құрылатын болды. Ол комиссияға осы жерді қолданушылар, сонымен бірге осы қоғам өкілдерінің барлығы еніп, Қазақстанның жер ресурстарын біздің еліміздің экономикалық дамуына әрі қарай үлесін қосу үшін қалай пайдалану керек, қандай аспектілерге баса назар аудару керек деген сұраққа жауап береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тамыз айына дейін осы мәселе Үкіметте шешілеуі керек», – деп айтты. Менің ойымша бүгінгі таңда біздің еліміз әрі қарай дамуы үшін жер ресурстарын ұтымды пайдалану керек.
Депутаттар арасында Президенттің өзге да бастамалары қолдау тапты. Мәселен, халыққа ауыл әкімдерін сайлау құқығын беру. Бұл әкімдердің дұрыс жұмыс істеуіне үлкен серпін береді. Үлкен іске көшу үшін кішіден бастау қажет. Ауыл әкімдерінен кейін кезек аудан мен облыс басшыларына да жетпек.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл – халықтың көкейінде жүрген, көптен бері көтерілген мәселе. Негізі халық тікелей өз ауылының әкімін сайлай алмайды. Өйткені бүгінгі таңда өкінішке қарай осы әкімдерге сенімсіздік білдіріп жатқан мысалдар көп. Ертең халық та бір жауапкершілікті мойнына алады. Ертең өздері сайлаған әкімге өзі де жауапкершілік алады, сайланған әкім де халықтың алдында сенімін ақтау үшін тікелей халыққа есебін береді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2024 жылдан бастап Қазақстан азаматтары өз аудандарының әкімдерін тікелей сайлай бастайды. Бұл да менің ойымша, Орта Азиядағы, біздің аймақтағы тың жаңалық болмақшы. Бұл халықтың билікке ықпалын арттырады. Биліктің шын мәнінде халыққа қызмет етуін қамтамасыз ететін қадамдар деп есептейміз.