Хабар телеарнасы

Енді ғалымдар «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығымен марапатталады

Өйткені бүгінгі күні отандық ғалымдардың жалақысы жыртығын жамауға да жетпейді. Енді оларға көрсетілетін қолдаудың көкжиегі кеңейсе, көпшіліктің көсегесі көгеретіні белгілі. Себебі «Ғылым таппай мақтанба», – деп Абай жырлағандай, алдымен ғылымды дамытпай, құмарланып шаттанудың еш реті жоқ.

Осыны меңзеген Сенат Төрағасы тиісті заң жобасы арқылы елдегі ғылым мен техниканың әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Қолдау қазына қаржысы есебінен жүзеге асады. Ал ақша аударымдары ашық түрде жүргізіледі. Осы айтылғандардың астарына үңілсек, жемқорлық бұл бағытты да айналып өтпеген секілді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

 - Қабылданған заң ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзіреттері нақтыланады.