Қ. Тоқаев: Қабдеш Жұмаділовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады
Жеделхатта: «Қарымды қаламгер еліміздің рухани саласын дамытуға мол еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырды. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген. Расында да, жазушының қаламынан шыққан туындылар дәуірдің жүгін, замана келбетін, қоғамның үнін айқын көрсете білді. Өйткені оның шығармаларына қазақтың ұлт болып қалыптасу кезеңінен бастап, Алаш зиялыларының күрескерлік идеясы, ел мен жер тағдыры түгел арқау бола білді.
Талай буынды тағылымды шығармаларымен сусындатқан қаламгер Тарбағатай аймағында туып өскен. Есейген шағында атамекенге оралып, елі үшін тер төкті. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында талай жыл еңбек етті. Ол – «Соңғы көш», «Дарабоз», «Тағдыр» романдары арқылы қазақ прозасының тақырыптық кеңеюіне үлес қосқан суреткер. Марқұмның жарқын бейнесі қазақ оқырмандарының жүрегінде қалады.