Халықаралық ғарышкерлер күні: адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл
1961 жылы дәл осы күні Юрий Гагарин «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа ұшты. Жарты ғасырдан аса уақытта ғарышты игеру саласы адам танымастай өзгерді. Салада Үндістан мен Қытай сияқты жаңа мықты ойыншылар да пайда болды.
Қазір футурологтар жаңа жеке ғарыш айлақтары құрылып, ғарыштық туризм белсенді дамиды деп болжауда.
Сондай-ақ олар ғарышты игеруде «пионерлік дәуір» кезеңінің аяқталғанын айтуда. Әрине, бұл әлемдік мәдениет пен ғылымды көптеген іргелі жаңалықпен байытқан ұлы дәуір болды. Енді ары қарай не болмақ? Ғарышты бүгінде жеке компаниялар да игере бастады. Бірақ адам қызметін қажет ететін бұл сала өте қымбат және іс жүзінде пайдасы жоқ болып отыр. Ал шын мәнінде жер қажеттіліктері үшін жаңа технологиялық база құрылуы тиіс. Бұл ретте ғарыш тарихы бастау алған «Байқоңырдың» әлеуеті қандай?
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер:
- Байқоңыр ғарыш айлағы әртүрлі кезеңдерді бастан кешуде. Көптеген ғарыш алаңы жабық. Бірақ Ресей Федерациясы да, Қазақстан Республикасы да біздің аумағымыздан, біздің Байқоңыр ғарыш айлағынан басқарылатын ұшуды жүзеге асыруда. Әзірге біздің ғарыш айлағына балама жоқ. Бірақ біз болашақ туралы ойлануымыз керек. Негізінен ғарыш инфрақұрылымымен айналысатын ғарыш айлағы мен ғарыш айлағының жанында орналасқан қала қалай дамуы тиіс? Бұл – қазіргі таңда алда тұрған зор міндет, зор мәселе. Бірақ бұл Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының бірлескен күшімен шешіледі деп ойлаймын.
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те «Байқоңыр» ғарыш айлағының «алтын ғасырының» аяқталғанын алға тартты. «Алайда болашақта Қазақстан осы бірегей кешенді сақтау үшін «үшінші» елдерді тартуы керек», – дейді тұңғыш ғарышкер.
Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш қазақ ғарышкері:
- Біз зымырандар ұшып жатыр деп бекер қорқамыз. Егер зымырандар ұшуды тоқтатса, біз содан қорқуымыз керек. Ғарышты зерттеу үшін қолданылатын технологияның ерекшелігі сонда – бұл адамзаттың мыңдаған жылдар бойғы еңбегі. Гагариннің ғарышқа ұшуы бір жарым жылда жүзеге асты. Дәлірек айтсақ, бір жыл сегіз ай ішінде. Ал «Бәйтерек» туралы айтылғанына, менің ойымша, қазірдің өзінде 20 жыл болған шығар. Ол қайда? Біз бұл корпорацияны не үшін құрдық? Ол жағы маған түсініксіз.
Ғарышты игеруге қатысты кейбір үміттер расталмады деп айтуға болады. Ғарыш адам ойлағаннан мүлдем басқаша болып шықты. Физика заңдары адамның ырқына көніп, ұнайтын нәрсесіне ыңғайлана бермейді. Бірақ көңіл толарлық та дүние бар. Робототехника мен жасанды интеллект күнделікті өмірге енді. Яғни біз кез келген алыс кеңістікті ол жерде болмай-ақ игере аламыз. Күн жүйесі бойынша басқарылатын зондтар жіберетін NASA-ның соңғы жетістіктері де бар. Демек, дамуға, ынтымақтастық пен бәсекелестік үшін үлкен мүмкіндіктер бар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко