Мемлекет басшысы көрнекті ақын Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты
«Есенғали Әбдіжаппарұлы бірқатар газет-журналдарда қызмет жасап, рухани-мәдени саланың өркендеуіне үлес қосты. Ширек ғасырдай уақыт бойы «Жазушы» баспасының директоры болып, қазақ әдебиетінің құнды дүниелерінің жарыққа шығып, халыққа кең таралуы жолында мол еңбек сіңірді. Ақын ретінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өр рухты өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.
Қазақ халқының танымал жазушысы, ақын Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң, еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер болып бастайды. Содан кейінгі жылдары «Жалын», «Арай», «Зерде» журналдарында жұмыс істейді. Қазақтың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бірнеше тың туындының авторы ретінде қалың оқырманға кеңінен танымал. Оның шығармалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.