Президент Қ. Тоқаев әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін марапаттады
Сондықтан ұлттың, елдің қауіпсіздігіне келгенде, бізге қалқан болар қорғаушылар, әлді әскер мен айбынды армия қажет. Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандарды мерекемен құттықтап, жоғары әскери шендер мен арнаулы атақтар, орден-медальдар табыстады.
Қазақстан – өзгелер үшін бейбіт ел, тату көрші. Бірақ ұлттық мүдде бәрінен биік. Нұқсан келсе, кез келген әрекетке кез келген сәтте тойтарыс беруге әзір. Президент: «Қазір арқаны кеңге салатын заман емес», - деп ескертті.
Алыс аймақтарды айтпағанда, төңірегіміздің де тынышы кетті. Кешегі Қырғызстан мен Тәжікстандағы тартыс, қарулы қақтығыс – бір ғана мысал.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылым сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуы тиіс.
Мемлекеттің қуаты экономикасы саяси әлеуетімен ғана өлшенбейді. Бүгінгідей алмағайып уақытта елдер өзара қарулы күштерінің қауқарымен жасырын жарысатын болып жүр. Құрлықта қуатты, әуеде әлеуетті, теңізде тегеуірінді. Қазір Қазақстанның әскері әлдеқайда әлді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділдікті нығайтуға септігін тигізеді. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту үшін мемлекет әскери дайындық пен Қарулы Күштерді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы біртіндеп жақсарып келеді. Әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады.
Отан үшін отқа түсетіндер де өз міндетін мінсіз атқарып жүр. Тек ел ішінде емес, халықаралық деңгейде де. Мысалы, біздің әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына қатысып келеді. Мұндай миссияны мінсіз орындағандардың бірі – Максим Добросельский. Тынышы кеткен Ливанға барды, қызмет етті. Президенттің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алды.
Максим Добросельский, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері:
- БҰҰ миссиясының құрамында бітімгершілік міндеттемелерін орындайтын біздің әскери қызметкерлердің ерекше үлесін атап өткім келеді. Ал елдегі ашық аспан үшін Елбасы мен Жоғары бас қолбасшыға алғыс айтамын.
Олар сөзге сараң, есесіне ісіне берік. Ақордада Президент алпысқа жуық азаматқа жоғары әскери шендер, атақтар, ордендер мен медальдар табыстады. Президент Бауыржан Момышұлының: «Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың», - сөзін мысалға келтірді. Бейбіт күннің батырларының бірі – Нұржан Кәкеевтің ерлігін Президент ерек атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы, полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеев ауыр жарақат алғанына қарамастан, қарулы қылмыскерді дер кезінде қолға түсірді. Ол екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады.
Сол тынышсыз түннің белгісі болып Нұржанның мойнына тыртық қалды. Есесіне, енді кеудеде орден.
Нұржан Кәкеев, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері:
- Ойланғанға уақыт болған жоқ, мойнымды қатты қысып жүгіруге тура келді. Осы қызметті таңдаған өзіміз ғой. Бала кезімдегі арманым. Мектеп қабырғасында жүріп полиция қызметкерлеріне қызығып қарайтынмын.
Оларға қызығып қарайтындар да, қызғанып қарайтындар да бар. Олар үшін маңыздысы марапат емес, керегі – ел іргесінің тыныштығы.
Арыстанғани Заппаров, Полиция генерал-майоры арнаулы атағының иегері:
- Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Заппаров Расылханның отбасында дүниеге келдім. Жастаймынан шындыққа шыңдалып, «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген өнегемен өстік. Ел тыныштығын сақтауда тәжірибемізді келер ұрпақтан аянбаймыз.
Қуанышбек Үштаев, генерал-майор әскери атағының иегері:
- Осы әсери шенді алғаным ұжымымның арқасы деп ойлаймын. Елбасымызға, Жоғары Бас Қолбасшыға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстаным көгеріп, жоғары дәрежелерге жете берсін! Әркез тыныштық болсын!
Мемлекет басшысы барлық әскери қызметші мен құқық қорғау органдары қызметкеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің отаншылдық рухтарыңыз – алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін.
Қазақстан Республикасына қызмет етемін. Ақордада ең жиі айтылған сөз болды және әсте мадақ пен марапат үшін емес. Бұл сөз тіркесінің олар үшін маңызы ерек, астары өзге, ал жауапкершілігі тіпті орасан.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев