Қазақстан мен Тәжікстан еркін сауда жасасуы үшін арнайы біріккен орталық құрылады
Осының аясында тәжіктің ауылшаруашылық өнімдері біздің нарыққа көптеп жеткізілмек. Өз кезегінде қазақстандық компаниялар, Тәжікстанда көлік, автобус шығаратын кәсіпорындар құрып, трансформатор зауытын салуға ниетті.
Бұдан бөлек қазақ кәсіпкерлері су-электр станциясының құрылысы кезінде қолданылатын теміржол мен тікұшаққа қажет жабдықтарды жеткізуге әзір.
Президент Эмомали Рахмонмен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаевты тәжік тарапы «Қасри Миллат» сарайының алдында зор құрметпен қарсы алды.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Коронавирус осы кезге дейін әлем елдерін тырп еткізбеді. Мемлекет басшысының қатысуымен шетте мұндай салтанатты шаралардың өтпегеніне де жылдан асқан екен. Президенттер тек онлайн жүздесіп келді. Ал осы жолы Эмомали Рахмон жүзбе-жүз кездесу үшін мамырдың басында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми сапармен Тәжікстанға шақырған еді.
Екі елдің әнұраны шырқалып, салтанатты рәсім аяқталған соң, Президенттер «Қасри Миллат» сарайында беттеді. Тараптар іште әуелі шағын құрамда келіссөз өткізді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарының мәні айрықша екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Қазақ-тәжік қатынасы бүгінде барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Мәдени, гуманитарлық бағыттарда тығыз байланысымыз бар. Әсіресе қауіпсіздік ісіндегі ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді.
Арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуды президенттер кеңейтілген құрамдағы келіссөзде де талқылады. Жалпы бүгінде екі ел арасында 80-нен астам келісімнен тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, Тәжікстан – біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді.
Эмомали Рахмон бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді. Жеткізді де Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Осыдан соң Президенттер бірлескен брифинг өткізіп, келісімдердің мазмұнын һәм маңызын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастардың ерекше жоғары деңгейін тағы да растады. Біз Эмомали Рахмонмен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмастық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік.
Сонымен қандай келісімдер? Біріншіден, қазақ пен тәжіктің сауда-экономика саласындағы мүмкіндіктері артады. Бұл бағытта екі ел де зор әлеуетке ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тауар сатудағы мүмкіндіктердің аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өттік. Әсіресе инвестициялық ынтымақтастығымыздағы өндірістік кооперацияны дамыту өзекті. Қазақстандық компаниялар Тәжікстанда көлік, автобус шығаратын кәсіпорындар құрып, трансформатор зауытын салуға дайын. Біздегі бизнес өкілдері гидроэлектр станциясының құрылысы кезінде пайдаланылатын теміржол мен тікұшаққа қажет жабдықтарды көптеп жеткізуге әзір.
Екі ел ауылшаруашылық саласында да бір бірімен тығыз байланыста. Бұл бағыттағы қарым-қатынас та қарқынды. Енді сол қарқын үдей түспек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан өзара тиімді шарттармен Тәжікстанға жеткізілетін бидай, ұн, ет, сүт өнімдерінің көлемін ұлғайтады. Ал сіздердің бізге үлкен көлемде көкөніс экспорттай алатын әлеуеттеріңіз бар.
Қазақ пен тәжік бір-бірімен еркін сауда жасауы үшін арнайы біріккен орталық құрылады. Осының аясында тәжіктің ауылшаруашылық өнімдері біздің нарыққа көптеп жеткізілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Арадағы транзиттік әлеуетті пайдаланудың маңызы зор. Теміржол тасымалындағы көрсеткіштер жақсы. Былтыр 25%-ке өсті. Осы қарқынды сақтау үшін Үкіметтерге тасымалдау ісін жетілдіру тапсырылды. Бұл арқылы арадағы сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізе аламыз. Тіпті келешекте тауар айналымын екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.
Президенттер су һәм энергетикаға да ерекше мән берді. Бұл ретте біздің ел халықаралық қордың аясында Аралды Тәжікстанмен бірлесіп, қалпына келтіруге мүдделі. Себебі дәл осы тәжік елі қазір Аралды құтқару қорына басшылық етеді. Екі ел әскери-техникалық, одан соң мәдени-гуманитарлық тұрғыда да әріптестіктің аясын кеңейтпек. Себебі Қазақстан мен Тәжікстан – серіктес қана емес, тарихы ортақ елдер. Біздің халықтарды мәдени, рухани құндылықтар біріктіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі елде де мәдениет күндерін өткізу керек деп ойлаймын. Халықтарымыз бір-бірін сағынды. Бұдан бөлек білім беру саласындағы байланысымыз да нығая түседі. Біз мамандарды бірлесіп дайындаймыз. Қазақстанда тәжік студенттері үшін бөлінетін гранттардың саны ұлғайтылады. Бұл біздің жастарымызды жақындастыра түседі деп сенемін.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Тәжік тарапы Қазақстанның экспортқа бағытталған бірлескен өндіріс орындарын ашу туралы ұсынысын қарауға әзір. Біз ғылым, білім, мәдениет, өнер аясында да байланысты нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткізгім келеді.
Қазір әлем тұрақсыз. Шиеленіс, қақтығыс көбейіп кетті. Сондықтан Президенттер бұл жолы өңірдегі һәм жаһандағы қауіпсіздікке қатысты да пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз аймақтағы тұрақтылыққа айрықша мән бердік. Орталық Азия – біздің ортақ мекеніміз. Әлемде арандатушылық тыйылмай тұр. Экономика да тұрақты емес. Оның үстіне пандемиямен байланысты қиындықтар бар. Терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалдау бізді алаңдатпай қоймайды. Осы ретте Ауғанстандағы мәселе бойынша мазмұнды консультация бергені үшін тәжік тарапы мен оның басшысына ризашылығымызды білдіреміз.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Ауған жеріндегі жағдайды ескеріп, келіссөздер барысында өңірлік қауіпсіздікке ерекше мән бердік. Мұны біз үшін де, серіктес елдеріміз үшін де нөмірі бірінші мәселе деп айтар едім. Сондықтан бұл бағытта да біз пікір алмасып тұрамыз.
Тараптар Мемлекет басшылары мен Үкіметтерінің, салалық министрліктердің жетекшілері деңгейінде өзара кеңесіп тұруға уағдаласты. Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік елінің 2025 жылды «Халықаралық мұздықтарды сақтаудың жылы» деп жариялау туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді. Соңында әріптесі Эмомали Рахмонды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Атап өтейін, Президентті Душанбе әуежайынан бар сән-салтанатымен күтіп алған Тәжік басшысы құрметті мейманын ұшаққа дейін шығарып салды.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков