Қ. Тоқаев бірқатар қабылдау өткізді
Онда елдегі конституциялық заңдылықтардың жай-күйі айтылады. Бұл жайында Президенттің қабылдауында болған Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми айтты. Айтуынша, аталған маңызды құжатта азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мәселелері қаралады және заң үстемдігін одан әрі күшейту жөнінде нақты ұсыныстар жасалады. Президенттің пайымынша, Конституция – ел жетістігінің негізі, демек оның үстемдігін қамтамасыз ету – аса маңызды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады. Ол Президентке сот жүйесін реформалаудың барысын баяндап берді. Жақын Асановтың айтуынша, жаңа Азаматтық процессуалдық және Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекстер, елдегі инвестициялық ахуал мен бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Жоғарғы сот төрағасына Қасым-Жомарт Тоқаев дербес сот төрелігінің тиімді тетіктерін енгізуді, оның ішінде шетелдік озық тәжірибелерді пайдалануды тапсырды.
Мұнымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы да қабылдады. Мемлекет басшысына ол мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту, факторлы-баллдық шкала енгізу жұмыстарының барысын баяндап берді. Агенттік төрағасының айтуынша, факторлы-баллдық шкалаға көшу жөніндегі пилоттық жоба мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттырып, кадр тұрақтылығына оң әсер еткен. Соның арқасында бір бос орынға үміткерлер саны орташа есеппен 2,6 есеге өскен. Кездесу барысында кадрлық процестерді цифрландыру мәселесі де айтылды. Осы ретте Анар Жайылғанова цифрлық шешімдерді жүзеге асыру қағаз құжат айналымынан толық арылуға, күнделікті өнбейтін жұмыстарды 53% азайтуға, құжаттар санын 83% төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты. Президент мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыруды одан әрі жалғастыра беруді тапсырды.