Мемлекет басшысы шахматшы Жансая Әбдімәлікті ФИДЕ Гран-приіндегі тамаша жеңісімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің баршамыз үшін зор мақтаныш екенін айтты. Жансая – ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш қазақстандық шахматшы қыз. Оның жетістігі елімізде осы спорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз. 21 жастағы Жансая Әбдімәлік – әйелдер арасында ерлер гроссмейстері атағына ие болған алғашқы қазақстандық әрі Орталық Азиядан шыққан алғашқы өкіл.
Гибралтар кезеңінің тоғызыншы тур қорытындысы бойынша алты сағаттық партияның нәтижесінде Жансая ресейлік халықаралық гроссмейстер Валентина Гунинаны жеңді. Осылайша, ол ерлер гроссмейстері атағын алу үшін рейтингке қойылатын талаптарды орындап, турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда өзге шахматшылардан екі ұпайға озып кетті.