БАҚ саласындағы Президент сыйлығының иегерлері марапатталды
Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін марапат осымен жиырма бесінші рет табысталып отыр. БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығын, гранты мен Алғыс хаттарын Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев табыстады. Мемлекет басшысының Өкімімен Президенттің сыйлығын алғандар – «Qmonitor.kz» желілік басылымының шолушысы Сәуле Исабаева, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының БАҚ-пен жұмыс департаментінің бас менеджері Жаннат Ойшыбаева және «Хабар 24» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі Вера Захарчук те бар.
Вера Захарчук, «Хабар 24» телеарнасының жүргізушісі:
- Бұл менің ғана емес, «Хабар 24» арнасындағы барлық әріптестерімнің марапаты. Себебі біз кез келген жаңалықты күн демей, түн демей, қалт жібермейміз. Сондықтан әріптестерімді мерекесімен құттықтай отырып, зор алғысымды білдіргім келеді. Біздің әрқайсымыз үшін бұл тек жұмыс емес, журналистика – бұл жанымыздың қалауы.
Президент гранттары «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараевқа бұйырды, «КТК» телеарнасының редакторы Диас Нұрақын мен «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы «Ашық алаң» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі Мақсат Толықбаев та Президенттің грантын иеленді. Ал «Ақиқат» саяси журналы, «Вечерний Алматы» газеті, «Қазақ радиолары» мен «Сарыарқа» телеарнасының ұжымдары Президенттің Алғыс хатын алды.
Сондай-ақ журналистер арасында өтетін «Аманат» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Оны жыл сайын Парламенттің жоғары палатасы - Сенат ұйымдастырады. Биылғы додаға жүзге жуық жұмыс келіп түсіпті. Қатысушылар арасында телеарна, радио, газет, ақпараттық порталдар және басқа да БАҚ тілшілері бар. Барлық жұмыс арнайы комиссия қарауынан өтіп үздіктер іріктелген. Жеңімпаздар арасында «Хабар» арнасының Парламенттегі тұрақты тілшісі Индира Жылқайдарова бар. Әріптесіміз «Үздік телевизиялық материал» номинациясына лайықты деп танылды.
Индира Жылқайдарова, «Хабар» телеарнасының тілшісі:
- «Аманат» конкурсында еңбегімді бағалап, наградаға лайық деп танығанына қуаныштымын. Қызметімде мені қолдап жүрген тікелей өз жұмысымдағы басшыларыма да рахмет айтамын. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп айтып жатамыз. Бірақ мінекей, журналистердің де еңбегі бағаланып жатыр, бар жанын салып, адал қызмет еткен журналистерге осындай наградалар бұйыра берсін деп тілеймін. Баршамыз пандемия жағдайында еңбектеніп жатырмыз, Сенатта талай маңызды заңдар қабылданып жатыр, елдің игілігі үшін атқарылған шаруалар берекелі бола берсін.