Қазақстан мен Беларусь арасындағы экспорт көлемі артып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы байланыстарын, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы ықпалдастығын оң бағалады. Президент қос мемлекет басшысының тығыз байланыс жасап тұратынын және жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтардың сәтті жүзеге асырылатынын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бұл сапарыңыздың бағдарламасы тығыз екен. Қостанай облысына бардыңыз. Бұл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы әлеуеті тұрғысынан өте маңызды. Нақты келісімдерге қол жеткізіліпті. Сенбі күні Президенттеріңіз Александр Лукашенкомен сөйлестім. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмастық. Қазақстан үшін Беларусь – стратегиялық серіктес әрі одақтас ел. Ынтымақтастығымызды нығайтып, дамыта беру үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Әрине, бұл уағдаластықтар бір сәттік емес, сондықтан оған байыппен қарап, жүктелген міндеттемелерді орындауымыз керек. Яғни бос сөзге алданбай, сіздің тарапыңыздан және үкіметтер деңгейіндегі келіссөздер барысында айтылған барлық мәселені нақты шешу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздердің қорытындысы Қазақстан мен Беларусь қатынасының көкжиегін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко Александр Лукашенконың сәлемін жеткізді. Сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының келешегіне тоқталды.
Роман Головченко, Беларусь Республикасының Премьер-министрі:
- Біз – әрдайым одақтас әрі серіктес елміз. Адами фактор іскерлік қатынастарды дамыту үшін аса маңызды. Сондықтан пандемиядан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың қарқынды дамитынына сенімдіміз. Беларусьтің Қазақстанға, ал Қазақстанның Беларуське шығаратын экспорты жылдам артып келеді. Бұл – Қазақстан үшін өте жақсы фактор.