А. Мамин: міндетті вакциналауды енгізу қажеттігі айқын
Жалпы еліміз бойынша қазір эпидемиологиялық жағдай күрделі. Коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. «Сары» аймақта 5 өңір болса, қалған 7 облыс «жасыл» аймақта. Осыған байланысты шектеу шаралары қолданылып, мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Резервтік инфекциялық орындар дайын болуы керек. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар жеткілікті болуы тиіс. Бүгінгі күні 3,3 миллион адам вакцинаның бірінші компонентін, шамамен 2 миллион адам екінші компонентін салдырды. Бұл жеткіліксіз, әкімдер вакцина салу қарқынын күшейтуі керек. Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында қатысты. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажеттігі айқын.
Сондай-ақ Үкімет отырысында білім беру нысандарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Өкінішке қарай, барлық білім ошағына кәсіби күзет қойылып, турникеттер, дабыл батырмалары мен камералар жеткілікті деңгейде орнатылмаған. Мәселені шешу үшін 10 шілдеге дейін арнайы жол картасы жасалып, ол оқу жылы басталғанға дейін толық орындалуы тиіс. Бұл тек мектеп басшылығының ғана мәселесі емес. Білім, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері және өңірлердің әкімдіктері де осы іске атсалысуға жауапты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын айтарлықтай жетілдіру қажет. Өңірлердің әкімдеріне оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын техникалық құралдармен қамтамасыз етсін. Білім министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 10 шілдеге дейін білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітсін. Сонымен қатар оқу орындарында үнемі терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізіп тұру қажет.