Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбек пен Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады
Кездесу барысында Елбасы ел-жұртпен етене жұмыс істеудің жарқын үлгісін қалыптастыруды тапсырды. «Мұқым елдің мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, көпшіліктің көкейін кернеген мәселелердің шешілуін қадағалау керек», - деді. Сонымен қатар сайлаудың алдында халыққа берген уәденің жүйелі орындалуы аса маңызды екенін еске салды Елбасы. Ал Бауыржан Байбек ауыл әкімдерін сайлау кезінде партияның белсенді болғанын атап өтті. Айталық, партияның өкілдері елді мекендердің 86% жеңіске жеткен. «Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға 103 мың адам жүгінді», - деді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев саяси кеңестің кеңейтілген отырысын сапалы ұйымдастыруды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Биыл партия үшін өте үлкен науқанды жыл болды. Мәжіліске депутаттарды сайлауға қатысты. Ол жерде де партия мүшелері жеңіп шықты. Үлкен жұмыс. Партияның аппараты, партияның қызметкерлері көп жұмыс істеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлап шықтық. Ол да абыройлы болды. Елдің ойларын тыңдап, соларды жеткізіп атқарушы органдардың орындауын бақылау партияның беделін ары қарай көтере береді. Соған жұмыс істеу керек.
Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Билеуші партия ретінде, нақты істер партиясы ретінде көп жұмыс атқардық. Үгіт-насихат жұмысын жолға қойдық. Қазір 103 мыңнан астам адам партияға түрлі мәселемен жүгінуде. Біздің депутаттарымыз, партия мүшелері 20 мыңнан астам қабылдау өткізді.
Елбасы сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштері туралы баяндама ұсынылды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, соңғы жеті айда уранды сату, электр энергиясын өндіру және контейнерлік тасымалдау бойынша көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Елбасына вакциналау үдерісі мен Қор тобының кәсіпорындарында қабылданып жатқан санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары туралы да айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қор басшысына бірқатар нақты тапсырма берді.
Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ басқармасы төрағасы:
- Жыл соңына жасаған жақсы болжамымыз бар. Өткен жылдың көрсеткішінен 150% жоғары таза табыс табамыз деп жоспарлап отырмыз.