Елімізде Қорғаныс министрі ауысты
Президент оның өтінішін қабылдап, ведомствоға жаңа басшыны тағайындады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Генерал Ермекбаевтың Қорғаныс министрі ретінде мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту үшін тиімді жұмыс істегенін айтты. Ал жаңа лауазымға жайғасқан Мұрат Бектанов 2019 жылдың сәуірінен бастап Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Қарулы Күштері бас штабының бастығы болып қызмет еткен. Әскери қызметтің барлық сатысынан өткен маман. Президент оның осы жылдары жинаған тәжірибесі қорғаныс саласының алдында тұрған міндеттерді шешуге көмектесетініне сенім білдірді. Жаңа министрге нақты міндеттерді жүктеп берді.
«Қазір Ауғанстандағы ахуал ушығып барады. Сондықтан әскеріміз сырттан келер қауіптің алдын алуға сақадай сай болсын», – деді. Арыс қаласы мен Байзақ ауданындағыдай төтенше жағдайға жол бермеу керек. Жемқорлықтың жолын кесу, оқ дәрі сақтауға арналған қоймалардың құрылысын тездетіп бастауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде айбынды әскеріміз – еліміздің қорғаны. Сарбаздар үшін ел қорғау – абыройлы міндет, перзенттік парыз, сіздер Отанымызға адал қызмет етесіздер деп сенемін. Күрделі де ауыр қызметтеріңізге табыс тілеймін.
Нұрлан Ермекбаев Қорғаныс министрі болып 2018 жылдың тамыз айында тағайындалған еді. Әр жылдары банк секторында, елшілікте, еліміздің Сыртқы істер министрлігінде, Президент әкімшілігінде қызмет атқарған. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР бұрынғы Қорғаныс министрі:
- Сенімді ақтауға бар күш-жігерімді салдым. Белгілі бір жұмыс атқарылды. Өкнішке орай кейбір ұзақмерзімді мәселені шешуге үлгере алмай қалдым. Белгісіз себептен осындай оқиға орын алды. Мен сізден және зардап шеккен адамдардан, қайтыс болған әскерилердің туыстарынан кешірім сұраймын.