Президент Жолдауы 2021: әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлінді
Өйткені нарықтық ипотека жұрттың бәріне қолжетімді емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында айтты. Жаңа бағдарламаға «Отбасы» банкі әкімші болады. Өзінің тиімділігін дәлелдеген тағы бірнеше мемлекеттік бағдарламаның уақыты ұзартылады. Биылғы Жолдауда әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлінген. Президент тапсырмасымен бірқатар салада жалақы көтерілетін болды.
Соңғы кезде бізде бір үрдіс пайда болды. Бюджет тапшылығы жиі туындайды. Ұлттық қордан алынатын ақша да жылдан жылға артып келеді.Мемлекеттің қазынасы қаржы толы қап емес, ертең-ақ түбі көрінуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек.
Президент Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін ертерек бюджеттік ережені енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз инфляцияның бақылаусыз өсіміне тап келдік. Ұлттық банк пен Үкімет инфляция алдында дәрменсіздігін әлемдік тенденциялардан көріп отыр. Бұл сылтауы ұлттық экономиканың қауқарсыздығын көрсетеді. Ұлттық банк пен Үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 6-4% дәлізіне қайтару.
Пандемия кезіндегі дағдарысты еңсеруге мемлекет қазынасынан 6 триллионнан астам қаржы бөлінді. Бірақ осы қыруар ақшаның тиыны тимеген салалар да бар. Екінші деңгейлі банктер шағын жобаларға, әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтарға ақша салғысы келмейді. Салдарынан экономикада қазір шектен тыс ақша массасы қалыптасып, инфляцияны үдетіп жіберді.
Сондықтан Президент: «Микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет», – деді. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз «мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек» деген шешім қабылдадық. Онымен бірге бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару керек. Бірақ ол тек қана нарықтық негізде жүруі керек. Ол үшін заңнамалық база қажет. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге жыл аяғына дейін Парламентке заң жобасын ұсынуы тиіс.
Соңғы 5 жылда агроөнеркәсіп саласына 2 трлн теңге субсидия бөлініпті. Өкініштісі, саладағы сыбайластыққа қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан көбі осы субдсидияны талан-таражға салғандарға қатысты екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аграрлық саясатымызда сабақтастық жоқ. Министрлік ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай бағыт болуы керек. Соған сәйкес субсидия бөлу тәсілін қайта қарау керек. Субсидияны рәсімдеу тәсілі анық түсінікті толығымен ашық болуы керек. Шағын шаруашылықтар үшін қолжетімді болуы керек.
Ал пандемия уақытында өзінің тиімділігін дәлелдеген бір бастама болса, ол –«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Яғни өзіміз күнделікті қолданып жүрген жиһаз, тоқыма өнімдері, азық-түлік тауарларын шығарушы кәсіпкерлердің айы оңынан туды. Осы мақсатта 3 жарым мыңдай жоба іске қосылған екен. Олар 3 жарым триллион теңгенің өнімін өндірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатта бөлінетін қаржының көлемі кемінде 1 трлн теңге болады.
Қазақстандық өнеркәсіптің жанды жері – шикізат тапшылығы. Жерасты қазба байлыққа толы болғанымен, оны игеру кенже қалған. Отандық кәсіпорындар шикізат таппай, кей тауарларды сырттан тасымалдауға мәжбүр. Сондықтан елде бірыңғай ұлттық геологиялық қызметі құрылатын болды. Ол мемлекеттің қазба байлығын толыққанды зерттеп, тиісті мәліметтерді отандық инвесторларға ұсынып отырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мекеме отандық қазба байлықты игеру саласында монополист болмауы керек. Нарыққа кімді кіргізіп, кімді шығарарын шешпейді. Бар болғаны инвесторларға сервистік қызмет көрсетіп тұрса жеткілікті. Біздің елдің геология саласы кешенді дамуды қажет етеді. Бұдан былай инвесторларға қазба байлықты игеруге толыққанды мүмкіндік жасалады. Бұл мәселе бөлек кабинеттерде, үн-түнсіз жиындарда шешілмеуі тиіс. Олай болған жағдайда жауапты органдар тиісті шара қабылдайды.
Жолдаудың әлеуметтік салаға қатысы бар жаңалығы – келер жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге көбеймекші. Аталған бастама 1 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды. Кей саланың жалақысын өсіру де жоспарда бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% өсіретін болады. Тұтастай алғанда тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.
Мұғалімдерді қолдау саясаты жалғаса береді. Олар қайта даярлаудан бұрынғыдай 5 жыл сайын емес, 3 жылда бір рет өтіп отырады. Олар арнайы курстардан өз қаражатымен емес, мемлекет есебінен өтеді. Ал 2025 жылдың соңына тағы 1000 мектеп салынады. Президент ғылым саласының түйткілдерін шешу туралы да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Келесі мәселе – грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн.
Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – биліктің басты міндеті. Бірақ ел ішінде «ебін тауып ала берсем, жей берсем» дейтін жатыпішерлік түсініктен арылмағандар бар. Мұндай жандар әлеуметтік бағдарламалардың өзін жеке пайдасына жаратып жүр. Мемлекеттің мойнына масыл болғандар енді жазасыз қалмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көмекке шынымен мұқтаж адамдар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек.
Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Оның өрісі тым шектеліп барады деуге болмайды. Олай болуы да мүмкін емес. Керісінше, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Қазақ тілі, шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатыр. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Жолдауда айтылған міндеттерді орындау жауапты органдардың еншісінде. Бірақ Президент бір нәрсені ескертті. Бұдан былай Мемлекет басшысының бағытына күмәнданатындар, міндетін атқара алмай отырғандар, уақыт өткізу үшін қызметте жүргендер және Президенттің тапсырмасын орындаудан жалтаратындар қызметінен қоштасады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Нұрлан Малгелдинов, Дулат Ентебеков