Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Президентке Ұлттық банк төрағасы есеп берді. Ерболат Досаев инфляцияны ұстап тұру және төтеп беру барысында атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, елде экономикалық белсенділік артқан, бұл халықтың табысы мен тұтыну деңгейінің артуына ықпал етпек. Биылғы 8 айда Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 93,7 млрд долларға ұлғайып, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 2,3 млрд долларға өскен. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді нықтап тапсырды.
Қазақстан Ауғанстан үкіметімен сауда және гуманитарлық салаларда қатынас орнатуға дайын. Ақордада елімізге ресми сапармен келген Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі Буяр Османиді қабылдау барысында Мемлекет басшысы осылай деді. Ауғанстанмен байланыс бұрыннан бар және ол тығыз деген Президент халықаралық қоғамдастықты да бұл елден іргені үзбеуге шақырды. Ал Буяр Османи кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстанға қатысты ұстанымымыз айқын. Халықаралық қоғамдастықтың осындай бетбұрыстар кезінде Ауғанстаннан іргесін аулақ салмай, аталған елге көмек беріп, қолдау көрсетуі қажет деп есептейміз. Біз Ауғанстанның уақытша жаңа үкіметін инклюзивті, барлық этникалық топтар мен қоғамдық-саяси күштердің мүддесін құрметтейді деп үміттенеміз. Қазіргі Ауғанстан үкіметі адам құқықтарын, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындап, халықаралық қауымдастықты жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін терроризмнің, заңсыз есірткі айналымының таралуынан және басқа да қиындықтардан қорғау үшін нақты шаралар қабылдайтынына үміт артамыз. Сонымен қатар Қазақстан үкіметі Ауғанстан үкіметімен конструктивті іскерлік байланыстарды, әсіресе сауда және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы қатынастарды орнатуға дайын. Өйткені бұл салалар бойынша екі ел арасында дәстүрлі тығыз байланыс бар.