Тарих сабақтары санада жаңғырды
Қай саланы алып қарасақ та, егемендік алғанға дейінгі уақытпен салыстырсақ, ілгерілеу мен дамудың даңғыл жолында екені сөзсіз. Мерейтой қарсаңында оларды жүйелеп халыққа ұсынған «Хабар» телеарнасы тарихи деректер мен аймақтар туралы ақпаратты екі түрлі жобаға біріктірген екен. «Туған аймақ» пен «Тарих сабақтары» анимациялық роликтері өңірлердің тыныс-тіршілігі мен тәуелсіздік жылдары болған басты оқиғалар туралы сыр шертеді.
«Тарих сабақтары» деген атаумен жарық көрген 15 оқиғаның ішінен Тәуелсіздіктің нышанына айналған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы роликке бірден көзіміз түсті. 1992 жылдың басында Елтаңба, Ту, Әнұранның жобаларын дайындауға байқау жарияланғанын білгенімізбен, ол туралы жастар арасында және отбасымызда көп айта бермейміз. Тарихи оқиғаларды қайта есімізге салған бұл жобаның маңызы жастар үшін тіпті орасан. Анимация арқылы берілген бейнелер жастар мен балалардың назарын бірден аударатыны сөзсіз.
Сонымен, байқауға қатысушылардан мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Өз жұмысын жібергендер арасында қазақстандықтар ғана емес, шетел азаматтары да болған екен. Алайда олардың көпшілігі сыннан өте алмаған. Мемлекеттік Тудың үлгісін жасауға отандық әйгілі Шәкен Ниязбеков кіріседі. Қазір баршамыз білетін көк желекті Туымыз бірден осындай қалыпта болған жоқ. Алғашында Туда қызыл түс қолданылған. Кейінірек оны алтын түс алмастырған. Одан бөлек күн мен қыранды Тудың қақ ортасына орналастыру шешілген. Осылайша біз білетін Мемлекеттік рәміздер 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Бұл күнді біз жылда ерекше ықыласпен атап өтеміз. Тудың авторы Шәкен Ниязбеков үздік идеясы үшін мемлекеттен бағалы сыйлық – түрлі-түсті теледидар алған көрінеді.
Ал Елтаңбамыздың негізінде 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапарында тағып ұшқан төсбелгі жатыр екен. Елтаңба отыз жыл ішінде үш рет өзгертілді. Дегенмен оның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов болып қала берді.
Қазақстанның Әнұранына келер болсақ, ол осыдан он бес жыл бұрын, яғни 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. 1992 жылы таңдалған тұңғыш Әнұран халықтың арасында кең тарай қоймаған. Сол себепті оны ауыстыруға шешім қабылдаған. Сонымен 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» атты рухты ән ресми түрде Қазақстанның Әнұранына айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәтінін заманға сай бейімдеп, түзетулер енгізді. Осылайша, бұрыннан халық жүрегінен орын алған Шәмші Қалдаяқовтың әні әр қазақстандықтың балабақшадан бастап үйреніп, халықаралық аренада да шырқайтын басты әніне айналды.
Жобада айтылғандай, расында еліміздің әр азаматы өз Туын жанындай жақсы көреді. Қандай бір іс-шараға, спорттық жарысқа қатысса да күн астында қыран қалықтаған көк аспан түстес байрағымызды биікке көтереді. Қазақстан Туы халықтың қуанышта да, сын сағатта да халқымыздың біртұтас екенін көрсететін символға айналды. Тарихтағы ең маңызды сәттерде Туымыз қолдан түскен емес. Ал Елтаңба мен Әнұран жаңарған көпэтносты Қазақстанды отыз жылда бір атаның баласындай біріктірген символға айналды десек, артық болмас. Еліміздің төл рәміздері – біздің тарихымыз. Ал оны жақсы білу – әр азаматтың парызы.
Расында, тарих қойнауына кеткен кейбір оқиғаларды қайта жандандырып, өскелең ұрпақтың есіне салып отыру маңызды. Себебі Отан тарихы – әр азаматты сол елмен, оның құндылықтарымен, мәдени байлығымен байланыстыратын басты құрал. Осындай қысқа да тартымды әрі заманауи формат сапалы ақпаратқа құмар жастардың талғамынан шығатыны анық.
Дереккөз: egemen.kz