Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитте сөз сөйледі
Мұндай теңсіздікті жою үшін жаңа жаһандық азық-түлік жүйесін құру қажет. Бұл жайында БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш Азық-түлік жүйелері жөніндегі самитте айтты. Жиында Қазақстан Президенті де сөз сөйлеп, адамзатты ашқұрсақ қалдырмаудың амалдарын ұсынды. Біздің ел бидай мен ұн өндіруші елдердің ондығында кіреді. Жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Ал майлы дақылдар экспортын 1 миллион тоннадан асырды. «Дегенмен климаттың өзгеруі бұл көрсеткіштерге кері әсер етіп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын да айтты. Қазіргі таңда оның құрамында халық саны 1,4 миллиардқа жуық 36 ел бар. Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның егін шаруашылығы бойынша қауіп-қатері бар аймақта орналасқан және құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келіп отыр. Еліміздің су шаруашылығы 40% көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді. Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде шаралар қабылдадық. Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады. Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекарааралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек.