Қ. Тоқаев ХIV KazEnergy Еуразиялық форумына қатысушыларға бейнеүндеу жасады
Үш күннен бері 90 елдің басшысы мен беделді тұлғалары қазақ астанасында бас қосып, энергия көздерін тиімді пайдалану мен климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету мәселесін талқылап жатыр. XIV KazEnergy Еуразиялық форумының қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жолдады. Қазір әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Сондықтан қазба отын түрлерінен жаңартылатын қуат көздеріне көшу заман талабы. Президент осыған орай ел Үкіметінің энергия өндіру мен оны үнемді пайдалануға қатысты бірқатар ұлттық жобаларды әзірлеп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл жобалар аса маңызды, өйткені олар миллиардтаған адамның бизнес жүргізуінің және күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады. Мен Үкіметке 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 15% -ке жеткізуді тапсырдым. Қазіргі таңда 2000 МВт-қа жуық жаңартылатын қуат көздері пайдалануға берілді. Қазақстанның көздеген мақсатқа жету жолындағы бағыты дұрыс.