Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы тоқтап тұр
Алайда қазір бұл қаржы аздық етеді. Сондықтан облыстағы осы нысанға жауапты басқарма тағы 20 миллиард теңге сұрған. Ал құрылысы 3 жыл бұрын басталған «Өскемен – Бұқтырма» бағытындағы жолдың бір бөлігі мен көпір де аяқсыз қалды.
Бұқтырма су қоймасына көпір салу жөнінде 3 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне нақты тапсырса берген. Президент пәрменінен соң, жоба мақұлданып тиісті жұмыстар басталған. Бірақ соңғы бір жылда құрылыс қарқын ала алмай келеді. Есесіне Күршім мен Зайсан ауданының халқы елу жыл болған ескі пароммен тағы қанша жыл жүретіндерін білмей дал. Бұл әсіресе азық-түліктің бағасына қатты әсер етіп тұр.
Асхат Мауылханұлы, Күршім ауданының тұрғыны:
- Енді тауардың бағасы қымбат қой. Ертістің ар жағы «елсіз арал» секілді ғой. Қазір бір паром сынып тұр. Бір паромды екі сағат күтесің. Осында тұрып өміріңнің екі сағатын жоғалтасың.
Бүгінге дейін көпір салынатын аумаққа электр жүйесі тартылып, қосымша жол салынған. Бірақ былтырдан бері құрылыс материалдары қымбаттаған. Бастапқы жобаға республикалық бюджеттен 30 миллиардқа жуық теңгеге бөлінген еді.
Нұрбек Тұраров, облыстық автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары
- Қазіргі болжаммен үстіне 15-20 миллиардтың арасында қосылуы мүмкін. Өйткені көпірден бөлек Көкпекті ауданынан, яғни Бұқтырма су өткелінің сол жағалауына 16 шақырым жол қажет.
Бұл көпірге жауапты мамандар: «Құрылыс 2024 жылы аяқталады», - деп отыр. Ал үш жыл бұрын басталған Өскемен – Бұқтырма бағытында төтелеп салынуы тиіс 27 шақырым жолдың 10 шақырымы мен тау арасын қосатын көпір мүлде аяқсыз қалды. Бұл жол мен көпір 2019 жылы пайдалануға берілуге тиіс еді. Арада 2 жыл өтсе де, бітетін түрі жоқ. Осы жолдың бойындағы кәсіпкерлер де қиналып отыр.
Наталья Пенкаина, кәсіпкер:
- Мен бәрінен айырылдым. Осы жерде жалғыз қалдым. Қазір қайда барарымды білмеймін. Жұмыс жүріп жатқан соң, дәмхана ашпақшы болдым. Қаладағы бар мүлкімді сатып, осында келдім. Жол құрылысы аяқталса, арлы-берлі өткен көліктер тоқтар еді. Енді қайдам. Құрылыс жұмыстарының тоқтағанына екі жылдан асты. Осылай қала ма деп қорқам.
Бұл көпір мен жолға жоба бойынша 16 миллиард теңге қажет болған. Аяқтау үшін тағы 2,5 миллиард теңге керек. Бірақ құрылысты бастаған мердігер компанияның қазір бұл жерде ізі де жоқ. Ал қажет қаржы бөліне ме, жоқ па, ол да белгісіз.
Олжас Ахметов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Алдағы жоспарды нақты айту қиын. Өйткені республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне байланысты болады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Шығыстағы ел қазір көпір құрылысы десе күдікпен қарайтын болды. Себебі Ертіс өзеніндегі бұл көпір 7 жыл дегенде бітті . Бастапқы жобада 2 миллирад теңге болса, пайдалануға берілгенше 10 миллиардқа жеткен.