Мемлекетшіл, шыншыл, реформатор Дәулет Сембаев дүниеден өтті
Ол 1998 жылы жасалған зейнетақы жүйесі реформасы авторларының бірі екенін айттық. «Мемлекетшіл, шыншыл, реформатор болатын», - деп еске алады үзеңгілестері.
Даулет Сембаев 1935 жылы Алматыда туған. Ол әр жылдары Үкімет басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды. 1993 жылы теңгені енгізу бойынша Мемлекеттік комиссия мүшелігінде болды. Осыдан 28 жыл бұрын Дәулет Хамитұлы телеарна эфирі арқылы ұлттық валютамызды халыққа таныстырды. Кейін беделді экономикалық сарапшылар теңгені енгізудің арқасында ғана шарықтап кеткен инфляция өсімін тоқтатып, экономикалық дағдарыстан шығу мүмкін болды деп баға берді.
Дәулет Сембаев, мемлекет және қоғам қайраткері:
- 1994 жылы инфляция деңгейін төмендете алмадық. Сол жылы инфляция деңгейі 1260% жеткен еді. Ал келесі жылы ол 58% қана болды. Сол сәтте теңгеге шаққанда шетелдік валюта бағамының өсуі де тоқтады. Экономика маңында жүрген кейбір адамдардың «теңге құлдырайды, Қазақстанда коллапс болады» деген сәуегейлік пікірлері жоққа шықты.
Сембаев аумалы-төкпелі уақытта Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды. «Дәулет Хамитұлы мемлекетшіл, шыншыл, реформатор болатын»,- деп еске алады замандас әріптестері.
Оразалы Сәбден, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:
- Теңге қабылданып, дағдарыс болып жатқан кезде Дәулет Хамитұлы Жоғарғы кеңесте көп болатын. Теңгені қалыптастыру үшін экономиканы жөндеу керек, өндірісті жөндеу керек. Өте қиын заман болды. Міне, сол уақытта Дәулет Хамитұлы өте көп жұмыс істеді. Шетелдік тәжірибелерді, мәселен, Чилидің, Еуропаның тәжірибесін зерттеп, салыстырды.
1998 жылы Дәулет Хамитұлы Григорий Марченкомен бірге еліміздегі зейнетақы реформасын жасайды. Сол кезде ТМД аумағында ең алғаш болып жүргізілген бұл реформаны сарапшылар өте жоғары бағалаған.
Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:
- Дәулет Хамитұлының іскерлігінің, қажырлы еңбегінің арқасында еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалыптасты. Кейін ол кісі мемлекеттік қызметтен кеткен соң да белсенділігін жоғалтқан жоқ. Қаржыгерлер қауымдастығын құрды. Оның адамдарды ортақ іске ұйымдастыру қабілеті де зор болатын. Әріптестері мен саясаткерлер пікіріне үнемі құлақ түретін. Оның өмірлік тәжірибесі әсіресе жас қаржыгерлерге үлгі болады.
Білікті қаржыгер Дәулет Сембаев Ұлттық банкті басқарған жылдары өзіндік макроэкономикалық саясат қалыптаса бастайды. Сол уақытта еліміздегі салық, бюджет пен банк жүйесін, нарық пен нарықтық инфрақұрылымды дамыту әрі реттеуге арналған нормативтік-құқықтық базаны жасау қолға алынады.