Президент әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заңмен тыйым салуды тапсырды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері осындай ұсыныс айтып отыр, ал Президент мұны қолдады.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Бірақ бұл жолғы отырысқа оның мүшелері емес, кеңестің төрағасы, яғни Қасым-Жомарт Тоқаев әлдеқайда тыңғылықты дайындалғанға ұқсайды.
Алматы қаласы, қаралы қыркүйек. Ақбұлақтағы атыс бес адамның өлімімен аяқталды. Трагедияның түп-төркіні банк алдындағы берешекте. Бүгінде 540 мың қазақстандықтың банктер алдындағы қарызы 354 млрд теңгеден асып кеткен. «Банктердің кепілдік саясатын жетілдіріп, бағалау қызметін шұғыл түрде реттеу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қарыз алушыларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Қаржы секторына нұқсан келмеуге тиіс. Екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын жетілдіріп, мүлікті бағалау қызметін реттеу қажет. Борышкерге кепілдегі мүлкін мәжбүрлі түрде өндіру шарасы қолданылғанға дейін үш ай ішінде өз бетінше сату құқығын беру керек.
Бұл алаңда айтылған мәселелер міндетті түрде шешімін табады. Оған енді ешкімнің күмәні де жоқ шығар. Кеңестің өткен бес отырысында 90 құжат пен 20 заң қабылданды. Ел үшін маңыздысын мына кестеде келтірдік. Бұл жолы да кеңестің мүшелері бірқатар ұсыныс айтты. Соның бірі – ауыл әкімдеріне сайланатын азаматтардың жоғары білім болуы қажет деген талапты алып тастау.
Төлеутай Рахымбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Кандидаттарға тиісті талап болатын. Оның ішінде міндетті түрде тек қана жоғарғы білімі бар. Оған көпшілік келісе қоймайтын. Ауылдық жерде соншама маман табу қиын. Солтүстік аймақтарда халық саны аз. Оңтүстікте керісінше көп. 30-40 мың халық тұратын ауылдар бар. Сондықтан бір деңгеймен қарауға болмайды.
Бірақ бүгінгі отырыста ұсыныс айтудан Президент әлдеқайда басым түсті. Алтыншы отырыс – Президенттен алты бастама. Басым бөлігі әлеуметтік мәселеге қатысты. Соның бірі – балалардың қауіпсіздігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселе болып тұр. Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап болуы қажет. Сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керек.
Мектеп тапшылығы әлі өзекті. Сыныптағы бала саны 25-тен аспауға тиіс. Бірақ бұл стандартқа жеткенше бізге әлі біраз уақыт керек секілді. Президент әкімдерге тұрғын үй алабы салынса, міндетті түрде мектепке жер қалдыруды тапсырды. Сондай-ақ енді әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заң жүзінде тыйым салынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне және қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Алайда мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке адамдар иеленіп жатыр. Әсіресе Оқушылар сарайы мен музыка мектептеріне, балабақшаларға көз тігушілер көп. Сондай бір оқиға жуырда Алматыда болды. Бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырамын.
Қазақстанда 4 мың медицина маманы жетіспейді. Әсіресе аудандар мен ауылдарда. Сөйте тұра жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азаматты шетке жіберіп қойып отырмыз. Ал шеттен оқып келгендерді шеттеткен мысалдар Президентке мәлім.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет.
Шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатыр. Бұл, түптеп келгенде, ұлттың қауіпсіздігіне қатер. «Шекара маңын бос қалдыруға болмайды»,- деді Президент.
Ерлан Саиров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Шығыс Қазақстан облысының шекаралық аймақтарын оның ішінде Қатонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын басымды түрде экономикалық дамыту жөнінде белгілі бір шешім қабылдауды Үкіметке тапсырды.
Мемлекеттік шығындарды дұрыс жоспарлау, адам құқықтары, әйелдер мен балаларды зорлық зомбылықтан қорғау, тұтынушылар құқы. Ұлт дегенде ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Бәрі маңызды. Бәрін шешу қажет. Осылайша халықтың тұрмысын жақсарта түсу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ашық пікірталас және мазмұнды диалог қашанда болуы керек. Бұл елімізді одан әрі өркендету үшін қажет. Халқымыз «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы.
«Біздің мақсатымыз барлық саланы жаппай реформалау емес. Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ», - деді Президент. Алты отырыс, ауыз толтырып айтатындай жетістігі бар кеңестің келесі жетінші жиынының да жүгі жеңіл болмайтын секілді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ердәулет Байдуллаев