Қ. Тоқаев: дипломатиялық қызметке отаншыл мамандар қажет
Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
«Біздің дипломатияға көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет» деген Президент Қазақстанның атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттардың алдымен мемлекеттік тілді меңгеруіне мән беруді тапсырды. Мемлекет басшысы салаға бес міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – тәуелсіз ел тарихында екі мәрте Сыртқы істер министрі болған дипломат. Сондықтан саланың сырына қанық, ішінен біледі.
Алқа отырысында ол аңғарылып та тұрды. Министрлікте Мемлекет басшысы қатысқан мұндай жиын осыдан 6 жыл бұрын өткен екен. «Сыртқы саясатты сауатты жүргізіп отырмыз десек те, қордаланған дүниелер бар, ақыл керек», - деді Президент. Содан соң құзырлы орган басшылыққа алуы тиіс бес бағытты жіктеп берді. Біріншісі...
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру. Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. Соның кесірінен елеулі кемшілік болып жатады. Оған қоса ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді.
Мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Осы таласта біздің тарап та тартынып қалмауға тиіс. «Мәртебе бердік, мүмкіндікті пайдалан», - деді министрге Мемлекет басшысы. Келесі бір маңызды міндет – Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту. Ерекше мәртебеміз бар, бірақ кейде соны мәлімдеуде батылдық жетіспей жататын секілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өңірдегі өзекті мәселелерді айқындап, оны шешу кезінде еліміз маңызды рөл атқарады. «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.
Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Салмақты әрі салиқалы саясатынан еш айнымайды. Дегенмен ұлттық мүддеге келгенде мүдірмеу – міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз, ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет.
Бесінші мәселе – кадр. Жастар үшін бұл министрлікке жұмысқа тұру «алынбас қамалдай» көрінеді. Президент ұлттық дипломатия үшін кімдердің қызмет қылу керек екенін айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек.
Президенттің пайымынша, осы міндеттер табысты орындалса, ұлттық дипломатия ұтады. Ең бастысы, мемлекеттің мүддесін лайықты қорғай аламыз. Ал дәл қазіргідей алмағайып заманда бұдан құнды ештеңе де жоқ.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Ентебеков, Алмас Омарғалиев