Қ. Тоқаев: криптовалюталарға немқұрайлы қарауға болмайды
Бұған дейінгідей бизнес субъектілері үшін тым жоғары саналатын 30% несие беру тоқтатылады. Бұл туралы Президенттің Алматыда өткен банк секторы өкілдерімен кездесуінде белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қаржы-экономикалық орталығында көптеген маңызды мәселені көтерді. Атом электр станциясын салуға қатысты да пікір білдірді.
Елдегі екінші деңгейлі банктер экономиканы қаржыландырудың жоғары әлеуетіне ие. Халықты несиемен қамтуға әлі де мүмкіндік зор. Тұтынушылық займдар көлемін өсіруге болады. Десе де Президент банк басшыларын осы мәселеге келгенде аса сақ болуға шақырды. Халыққа берілген несие мен олардың төлем қабілеттілігі арасындағы баланс бұзылмауы керек. Онсыз экономика құлдырап, жағдай қиындап кетуі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8% артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды.
Ел бойынша 545 мың адамның банк алдындағы қарызын төлемегеніне 90 күннен асты. Бұл да – күрмеулі мәселе. Уақыт өте қарыз иелері тарапынан наразылық артуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігі жағдайды қалыпқа келтірмесе болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын.
Ал шағын және орта бизнесті несиелеу – негізгі бағыт. Әсіресе банктер ауылдағы ағайынға көбірек көңіл бөлуі керек. Ондағылар тек осы жолмен бизнес бастап, кәсібін алға жылжыта алады. Микроқаржы ұйымдары болса, халыққа кейде 30 проценттік несие беріп жатады. Президенттің айтуынша, бұл – тым жоғары көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай ұйымдардың қызметі екінші деңгейлі банктерден алынатын қарыз бен жеке қаражат есебінен қаржыландырылады. Нәтижесінде, тұтынушылар үшін несиелердің құны жоғары болады. Сондықтан Үкіметке Агенттікпен бірлесіп, микроқаржы ұйымдарының қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырамын.
Қаржы нарығын реттеу дегенде цифрлық ақша саласының дамуын айтпай кетуге болмайды. Елімізде биткойн өндірушілер көбейіп барады. Басым бөлігі Қытайдан келген. Көрші елде электронды ақшаға деген көзқарас қатаң. Сондықтан майнинг жасаушылар Орталық Азия нарығына ойысып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Криптовалюталар объективті фактор екенін және оларға немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсетті. Олардың қолданыстағы қаржы жүйесіне әсер ететін тәуекел-қатерлері мен әлеуетін нақты бағалау қажет. Сондықтан елімізде криптобиржаларды құру үшін теңдестірілген реттеу шарттарын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Басқаша айтқанда, криптовалюталарды шығару бойынша әлемдегі екінші ел бола тұра, қаржы қайтарымын көрмей отырмыз.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз электронды валютадан бас тарта алмайды. Керісінше, соған бейімделу керек. Тіпті пайда табу жолын қарастырған жөн. Бірақ шағын майнингтік фермалар электр энергиясы тапшылығын туындатады. Бұл саладағы жетіспеушілік ерте ме, кеш пе бәрібір байқалады. Түйткіл турасында Президент былай деп пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де – тиімді шешім қабылдау. Чернобыльдегі қайғылы әрі сәтсіз тәжірибеге негізделген атом энергетикасы туралы ойлар бұл саладағы қазіргі технологиялық дамумен сәйкес келмейді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Айта кетейік, бұл жолғы жиын Алматыдағы резиденцияда ұзақ уақыт үзілістен кейін өтіп тұр. Президент банк секторы өкілдерімен мұндай басқосуларын Алатау баурайында тұрақты түрде өткізілетінін айтты. Ол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев.еліміздің қаржылық орталығына жиі ат басын тіреп тұрмақ.