Нұрлан Нығматулин: Елбасы – парламентаризмнің қазақстандық моделінің негізін қалаушы және авторы
Елордада өткен халықаралық жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиеті, жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастырудағы қызметі сөз болды.
Тұңғыш Президент күніне арналған парламенттік конференцияға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Словакия парламенттерінің басшылары, Еуропалық Парламент, ТүркПА парламент өкілдері жиналды. Елбасы күніне арналған парламенттік форумды жыл сайын мәжіліс ұйымдастырады.
Әуелі экономика, кейін саясат. Елбасының ақылмен ойластырылған осындай жөн-жоспары Кеңес Одағының құрамынан шыққан жас республиканы әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі етті. Елбасының ерен еңбегін ел біледі, алыс-жақын шетелдегі зиялы қауым да мойындап отыр. Тұңғыш Президент күніне ұйымдастырылған халықаралық парламенттік конференцияға бірқатар елден парламент өкілдері жиылуы да сондықтан. Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы парламентаризмнің қазақстандық моделінің негізін қалаушы және авторы екендігін қадап айтты.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Қазақстан парламентінің құрылғанына да 25 жыл толды. Парламент осы жылдардың ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларын заң деңгейінде қолдап, барлық реформаларды қажетті сапалы заңдармен қамтамасыз етті. Бұл жұмыс қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін орындау мақсатында тиімді жалғасып келеді. Бүгінде парламенттен шыққан әрбір құжат халқымыздың, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуының заңнамалық тірегіне айналды деуге болады.
Мәжіліс жыл сайын Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастыратын форумға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Словакия парламенттерінің басшылары, Еуропалық, ТүркПА парламентерінің өкілдері жиылды. Конференцияның «Елбасы. Тәуелсіздік. Парламент» деп аталуы тегін емес. Тәуелсіздік Елбасының есімімен егіз ұғым, қос палаталы кәсіби парламент те – Тұңғыш Президенттің еңбегінің жемісі. Елбасының бастамалары Қазақстан үшін ғана емес, жаһандық маңызы бар екенін көрші-қолаң да толық мойындап отыр.
Леонид Калашников, РФ Мемлекеттік Думасының Комитет төрағасы:
- Тұңғыш Президенттеріңізді Ресейдегі билік басындағылар ғана емес, қарапайым азаматқа дейін таниды, біледі. Себебі оның өлшеусіз еңбегі, оның тұлғалық мәні туралы баршаға мәлім. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің тату көрші болуына көп жағдай жасады. Н. Назарбаев мемлекеттердің интеграциясы туралы бастама көтеріп, ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясын құру туралы ұсыныс жасаған. Біз мұның бәрін ұмытпаймыз.
Форумға жиылған мәртебелі меймандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаткер екенін уақыттың өзі дәлелдеп бергенін атап айтты. Оның ұсынған идеялары әлі де өміршеңдігімен өзгеше. Бауырлас түркі елдері парламенттерінің өкілдері Назарбаевты көпке үлгі десті.
Сюрейя Билгич, Түркия Парламенті төрағасының орынбасары:
- Қазақстан қазір саяси тұрақтылыққа қол жеткізді. Экономикасы қарқынды дамуда. Бауырлас елдің осындай айтарлықтай жетістіктерге жетуінде Тұңғыш Президент – Елбасының рөлі ерекше. Тарихымыз, мәдениетіміз ортақ бауырлас халықтың бағына туған азамат. Қазақстан мен Түркияның бірлігі бекем бола берсін!
Әділ Әлиев, Әзербайжан Парламенті төрағасының орынбасары:
- Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжанның екіжақты серіктестігін ілгерілетуге зор үлес қосқан саяси тұлға ретінде тарихта қалады. Нұрсұлтан Әбішұлы билік еткен кезеңде қомақты саяси, экономикалық, әлеуметтік рфеормалар жүзеге асырылды. Стратегиялық дәлдікпен халықтың тұрмысын жақсартты, экономиканы көтерді.
Бүгінде бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерін алаламай, бір ту астында тату ұстап отыру әркімнің қолынан келмейді. Қазіргі алмағайып заман осыны көрсетіп отыр. «Тіпт Таяу Шығыс мәселелерінде де үнсіз қалмай, пікірталас алаңын ұсынған Назарбаев – бейбітсүйгіш, бітімгер саясаткер», – деді парламент өкілдері.
Рышард Чарнецкий, Еуропалық Парламент депутаты:
- Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренада Қазақстанның беделін мығым етті. Енді бүкіл әлем Қазақстанның әлеуеті қандай екенін біледі. Қытай мен Ресей секілді ұлы державалардың ортасында орналасқан мемлекетте барлық жаққа тиімді саясатты ұстана білу де оңай шаруа емес.
Мариан Кери, Словакия Парламенті Комитетінің төрағасы:
- Меніңше, Қазақстан – бақытты ел. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев – бүгінгі күнді ғана ойламай, алдағы 10-20 жылдағы болашақты алдын ала бажайлап, болжаммен бағдар жасай алатын саясаткер. Ол бейбітшілікті сақтап, дамуға бастайтын нақты бағдарламалар ұсынды.
Мәжіліс Төрағасы жиылғандарды елдегі қазіргі саяси реформалардан хабардар етті. Президент бастамасымен парламенттік оппозиция институты енгізіліп, саяси бәсекелестікті күшейту үшін «Саяси партиялар туралы»,«Сайлау туралы» заңдар қабылданғанын атап өтті. Мәжіліс спикері сондай-ақ халықаралық конференция шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Онда тараптар өзара парламентаралық байланысты нығайта түсу тетіктерін бірлесе талқылады.
Авторы: Индира Жылқайдарова