Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барады
Сондай-ақ Президент Еуропа нарығының бизнес алыптарымен де жеке жүздеспек.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бұл сапарды қос тарап та ұзақ күтті. Коронавирустың кесірінен сапардың мерзімі кейінге сырғыса да, мәні мен мағынасы өзгере қойған жоқ. Ынтымақтастықтың көзбе-көз кездесіп талқылайтын тұстары өте көп. Оның үстіне Брюссельдің Еуроодақтың астанасы деген бейресми атауы бар десек, бұл сапардың салмағы тіпті еселене түседі.
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемия деген аласапыран басталғалы бергі Еуропаға жасаған алғашқы сапары. Президент Бельгия Корольдігінің басшыларымен жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Әзірге қос тараптың нақты нені талқылайтыны белгісіз, бірақ мұндай кездесулерде айтылатын әңгіменің ауаны анық. Ол – екі жаққа да неғұрлым тиімді ынтымақтастық орнату. Ынтымақтастық демекші, Қазақстан мен Бельгия бір-бірінен қашық орналасса да алыс-беріс бар. Мысалы, осы жылдың қаңтары мен қыркүйегі айларында Қазақстанның Бельгиямен сыртқы сауда айналымы 300 млн долларға жеткен. Бірақ қос тараптың да бұл көрсеткішке көңілі толмайды. «Әлеует зор, соны пайдалану керек», - дейді сарапшылар.
Люк Либо, Бельгия СІМ Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша департамент директоры:
- Сапар барысында біз өндірістік саланы ілгерілету, Қазақстан мен Бельгияның біріккен кәсіпорындарының жағдайын, екіжақты импорт пен экспорт мәселесін талқылаймыз. Өкінішке қарай, алыс-беріс аса көп емес. Қазақстан бізге тағы не экспорттай алады, біз сіздерге не тасымалдаймыз? Осыны айқындауымыз керек. Қазақстан делегациясының да бізге ұсынары көп деген сенімдеміз. Біз де өз тарапымыздан қай салада ынтымақты бекемдеуге болатынын белгілеп, ұсыныс жасауға дайынбыз.
Брюссельдің Еуропаның астанасы деген бейресми атауы барын жаңа жоғарыда айтып өттік. Шағын ғана қалада Еуроодақтың, НАТО-ның штаб-пәтерлері орналасқан. Сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуроодақтың жетекшілерімен жеке жүздеседі.
Андрикс Америкс, еуродепутат, ЕП делегациясының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі бірінші орынбасары:
- Тоқаевтың Брюссельге сапары Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастың ең жоғары деңгейі дер едім. Бұл сапар – қос тараптың жоғары деңгейде ынтымақтасуға деген ынтасының тағы бір дәлелі. Біз бұл сапарды және оның аясындағы келіссөздердің нәтижесін асыға күтеміз.
Мемлекет басшысының сапары аясында қос елдің бизнесмендері бірқатар маңызды мәмілеге келеді. Соның бірі зығыр экспорты жайында. Бельгия – қазақстандық зығырдың тұрақты тұтынушысы. Олар осыған дейін оны бізден алып, өз елдерінде өңдеп, сосын Қытайға жөнелтетін. Енді қос тарап сол зығырды Қазақстанда өңдеп, Қытайға жеткізу жайында келіспек. Бұл логистика жағынан қос елге де тиімді болмақ. Жалпы бұл елдің Қазақстанның ауыл шаруашылығына деген қызығушылығы өте жоғары.
Люк Либо, Бельгия СІМ Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша департамент директоры:
- Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында біз Қазақстанмен өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Сіздердің климаттарыңыз бізге қарағанда басқаша. Осыны ескере отырып, елдеріңізде қандай өнім өсіруге болады, сол тұрғыда ақылдаса отырып атқаратын жұмыс жетерлік. Қазақстан жеміс-жидек, жүгері өсіруді дамытуды көздеп отыр. Біздің зерттеу институттарымыз бұл мәселе бойынша бірқатар зерттеу жүргізген. Сондықтан екі елдің институттары бірігіп қай өсімдіктен мол өнім алуға болатыны жөнінде бірге жұмыс істесе артық етпес еді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен байланысты бекемдей түсуге мүдделі. Айта өткен жөн, Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бірінші ел. Сарапшылар Қазақстан Президентінің бұл сапары Қазақстан-Бельгия-Еуроодақ үштарапты серіктестігінің мүлдем жаңа деңгейі болады деп сенеді.