Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті
Араға 10 жыл салып өткізілген құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты келелі мәселелер айтылды. Сонымен қатар «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын, заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керектігіне баса назар аударылды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өтті. Негізі құрылтай әр 5 жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Алайда соңғысы осыдан 10 жыл бұрын өтіпті. Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы – мемлекеттік тілдің мәртебін көтеріп, тұғырына қондыру.
Жиынға қатысқан еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жұмысы көптің көңілінен шықпай отырғанын жеткізді. Сондықтан қоғам жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керек екенін баса айтты. Сонымен қатар қоғам алдына жаңа міндеттер жүктеді.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Біріншіден, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рөлін ескере келе халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын Елордаға көшіру және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электрондық ресурстарын дамыту маңызды. Саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керек. Латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен қатар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани дамыту, ұлттық мүдде, ұлттық намыс мәселесі бойынша да жұмыс жүргізуі керек деп есептейміз.
Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін Мемлекеттік комиссия құрылатынын атап өтті. Сондай-ақ қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Тұжырымдаманың мақсаты – үздіксіз білім беру арқылы мектептен ересек адамға дейін тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің еліміздегі алғашқы қадамы болмақ. Сондай-ақ құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Ал жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері тіл елді біріктіретін негізгі күш екенін, егер халық талап етпесе тіл түйіні тарқатылмайтынын айтты.
Сайын Назарбекұлы, «Ұлт анасы – қазақ тілі» қоғамдық қорының негізін қалаушы:
- Құрылтай қанша жиналыс жасағанымен, мемлекет қанша қаулы шығарғанымен тұтас халық кіріспей, тіл тәуелсіздігі орнай қоймайды. Себебі көптеген басшы қол қойып, қол көтергенімен қағазға, іске келгенде анық жеріне жеткізіп, аяқтай алмай жатады. Сондықтан халықтың өзі кірісуі керек. Халықтың өзі қолға алуы керек.
Ал белгілі жазушы Роза Мұқанова еліміз Тәуелсіздік алған жылдардардағы халықтың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мен құштарлығы соңғы он жылда бәсеңдеп кеткенін айтады. Тіпті қазір қазақ тіліне деген көзқарас мүлдем өзгеріп, бұрынғы ынта-ықылас ізім-қайым жоғалғанын қынжыла жеткізді. Алайда үмітсіз емес…
Роза Мұқанова, жазушы:
- Осы махаббат, осы ұлтжандылық кейіргі кезде бір босаңсу, әлсіздік танытқандай көрінеді. Бүгінгі құрылтай үлкен талап қойып отыр. Бұл қоғамның өзі кірісетін, әр қазақтың өзіне талабы болу керек. Бұл талапты өзіне қоюы керек. Мен өзім құрылтайдан сондай бір қуынышпен, үмітпен кетіп бара жатырмын.
Сондай-ақ жиында қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Жаңа төраға мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш