Елордада 20 мың орынға шақталған жеті жаңа мектеп ашылады
Үй кезегінде тұрған 2,5 мыңдай азамат мерекені өз баспанасында қарсы алады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов журналистермен өткізген брифингте мәлімдеді.
«Тәуелсіздік мерекесі тойланып бітпейінше, қалада Жаңа жылмен байланысты шаралар өтпейді», - деді шаһар басшысы. Мерекелік шырша да 16 желтоқсаннан кейін құрылады.
Елордада 16 мың үлескердің 13 мыңы өз баспанасына қол жеткізді. Қала билігі келер жылы үлескерлер мәселесін толығымен шешуді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері 57 үйдің құрылысын аяқтап, 500 отбасыға кілт тапсырса, 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үйді аяқтамақшы. Қала басшысы бұдан бөлек жеке секторға көгілдір отын жеткізу мәселесіне де тоқталды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Бүгінгі күні біз 650 шақырым инженерлік желілерді тарттық. Басым бөлігі Алматы ауданы мен Сарыақара ауданында. Екі ауданға толық газ жеткіздік. Қазір әр үйге газ өткізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-2-де 13 қазандық газға көшірілді.
Жеке сектордың инфрақұрылымы жақсарту үшін 200-дей көшеге тас төселді. 30 шақты қоғамдық алаң жөнделіп, 23 спорт кешені салынды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Біз Нұр-Сұлтан қаласы жайлы жоспар қабылдадық. Соған сәйкес қоғамдық кеңістіктерді жыл сайын іске асыруымыз керек. Бұрын бос жатқан жерге жасыл желек егіп, спорттық нысан салып, балалар ойнайтын алаң орнатып, жарықтандырып жатсаңыз, адамдар бос уақытын өткізетін орынға айналады. Бұл үлкен қалалар үшін маңызды.
Қараша айында Есілдің қос жағалауын жалғайтын алып көпірдің құрылысы басталды. Бұл Момышұлы, Қордай, Айнакөл көшелері мен жаңа теміржол вокзалы ауданын сол жағалауымен байланыстыратын болады. Нәтижесінде, Мәңгілік ел даңғылындағы көлік кептелісі 20% төмендейді. Көпір құрылысы 2023 жылы аяқталады.