Санкт-Петербургте Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер көшбасшыларының бейресми саммиті өтті
Әрине, басты себеп – адымды аштырмай отырған коронавирус. Сондықтан бейресми саммиттің негізгі тақырыбы да осы болды. Бірақ бұл ТМД көшбасшылары талқылаған жалғыз тақырып емес еді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына биыл 30 жыл.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Әдетте, кітапханадағы ең басты ереже – ол тыныштықты сақтау. Бірақ бүгін Петербордағы президент кітапханасында таңсәріден бері қызу дайындық. Мұнда енді бірер сәттен соң тұтас ТМД төңірегінің саясатына жауап беретін тұлғалар жиналады.
Петербордың халықаралық әуежайы да бүгін президенттер бортын бірінен соң бірін қарсы алып жатты. Бейресми саммиттің маңызды мейманы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Петерборды әдетте «Ресейдің мәдени астанасы» деп атайды. Бірақ бүгін бұл қаланың саяси реңкі басымырақ. Сүліктей қара көліктен шыққан қонақтар кітапхананы бетке алды, әрине, кітап оқу үшін емес. Аймақтағы достас елдердің басшылары ұйымның кешегісі мен келешегін талқылайды.
Үлкен зал, дөңгелек үстел. Көптен көріспеген ТМД-ның көшбасшылары да коронавирустық талапты бұлжытпай орындауға мәжбүр. Оны отырған үстелдердің арақашықтығына қарап аңғаруға болады. Сөз тізгіні бейресми саммиттің иесі Владимир Путинде. Жаңа жыл алдында жүздесу – Ресей басшысының ұсынысы. Путиннің пайымынша, ұйым осы жылдар ішінде өз-өзін толық ақтады.
Владимир Путин, РФ президенті:
- Бізде өткен жылдар ішінде көп нәрсе түбегейлі өзгерді. Сонымен қатар ұйымның құрылуы сөзсіз ақталғанын атап өткім келеді. Көптеген бағыттар бойынша интеграция тереңдей түсті.
Халықтың денсаулығын қорғау. Бұл жерде шекара болмауы тиіс. Бүгінгі бейресми отырыстың да басты тақырыбы осы. Аймақта алғашқылардың бірі болып Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты. QazVac өзінің коронавирусқа төтеп беру қабілетін көрсетті. Бірақ бұл дерт жеті басты айдаһар секілді, бірін жеңсең, бірі шығады, енді Омикрон қауіп төндіріп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең қиын кезеңде Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін Ресей тарапына ризашылығымды білдіргім келеді. Шынында да ресейлік «Спутник V» технологиясы негізінде біз ортақ келісімді орындау үшін Қарағандыда бірлескен өндірісті жолға қоя алдық. «Спутник V» вакцинасы коронавирустың басталуын тоқтатуда шешуші рөл атқарды деп айтуға болады.
Бұл ретте Қазақстан басшысының биологиялақ қауіпсіздік жөнінде айтып жүрген бастамасы тіпті өзекті бола түседі. Ресейдің бас санитарлық дәрігері Анна Попованың пайымынша, бұл ретте тұтас ТМД ғылыми әлеуетін пайдалану керек.
Анна Попова, РФ бас санитарлық дәрігері:
- Достастық кеңістігіндегі биологиялық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұрудың маңызы зор. Бұл ретте ғылыми зерттеулерді дамытып, зертханалар құру қажет.
Бейресми саммит әрі қарай оңаша форматта жалғасты. Себебі өткен отыз жылды айтпағанда, соңғы бір жылдағы жұмысты бір қайырып алу маңызды. Сонымен, сандар не дейді? ТМД – бүгінде 278 млн халықты, яғни жаһан жұртының 4% біріктіріп отырған, аймақтағы алып құрылым. 2011 жылы достастыққа мүше мемлекеттер еркін сауда аймағын құрды. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша достастық елдері арасындағы тауар айналымы 90 млрд доллардан асқан. «ТМД-ның мүмкіндігі үшін бұл тым аз көрсеткіш», – дейді сарапшылар.
Аза Мигранян, ТМД елдері институты экономика бөлімінің меңгерушісі:
- Экономикалық тұрғыдан алғанда ТМД-ның қоры мен әлеуеті толық негізде пайдаланылмай келеді. Осы әлеуетті тиімді әрі сауатты пайдалансақ, бұл ұйымнан жақсы дивиденттер алуға болады. Әрине, бірінші кезекте пандемия тұсында ТМД аясында гуманитарлық салаға назар аудару қажет. Медицина саласындағы серіктестікті күшейте түсу керек деп ойлаймын.
ТМД-ның тиімділігіне келгенде сарапшылардың пікірі қақ жарылады. Бірі оның саяси салмағына күмән келтірсе, енді бірі бұл ұйымды халықтар деңгейінде мүлтіксіз жұмыс істеп отырған интеграциялық машина деп бағалайды.
Сергей Марков, Саяси зерттеулер институтының бас директоры:
- ТМД біреулерге оғаш естілсе де айтайын, өз тиімділігін көрсетті, дәлелдеді. Өткен 30 жылда бұл ұйым өзгерді. Қазір өзінің атқаратын бірнеше рөлі бар. Біріншіден, бұл аймақтық ұйымның классикалық үлгісі. Көршілер кездесетін, келісетін алаң. Аймақтық қауіпсіздік үшін құрылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы да осы ТМД аясында құрылғанын естен шығармауымыз керек. Оның үстіне мен бұл құрылымды халықтық деңгейде жұмыс істейтін интеграциялық бірлестік деп айтар едім. Мысалы, ТМД шеңберінде жалпы білім беру мекемелеріне түсудің қолжетімділігі, дипломдарды өзара тану немесе ТМД-ның кез келген аумағында зейнетақы алу мүмкіндігі секілді келісімдер қарапайым халықтың өмірін жеңілдете түседі.
Қарапайым халықтың қарапайым қалауы. Олар үшін геосаяси мүдделер мүлдем маңызды емес, маңыздысы – бір болу, бөлінбеу, бейбіт өмір сүру.
Сонымен, енді ұйымның төрағалық тізгіні Қазақстанда. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды ТМД елдерінің халық шығармашылығы мен мәдени мұрасының жылы деп жариялағанын айтқан. Осы жылы 100-ге жуық іс шара өтпек. Экономика маңызды, бірақ халықтарды жақындастыратын мәдениетті де ұмытпаған дұрыс. Басқасы басқа, ал ТМД төңірегіндегі елдер бай мәдени мұрасымен мақтана алады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Бақытбек Нұртаев, Алмас Омарғалиев және Дана Нұржан